Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Он үшінші жұлдыз

  • 29.10.2018, 12:58
  • 0
  • 15

 

(Ертегі)

    Ерте заманнан бері түнгі аспанда ай мен сансыз жұлдыздар мекен етіпті. Адамдар сол жұлдыздарға қарап ертеңгі ауа райын болжайды екен. Кейін адамдар ақылы мен білімінің көмегімен аспанды зерттей бастапты. Олар аспанда он екі шоқжұлдыз барын білетін. Ғалымдар сол шоқжұлдыздарға қарап күнтізбе, жорамал жасапты. Бірақ бір жылда неше ай, неше күн, неше апта бар екенін дәл таба алмапты. Осылайша жер бетіндегі адамдар бір келісімге келе алмай, әбден дауласыпты. Содан бері ешкім он екі шоқжұлдыздан құралған жорамалға сенбейтін болыпты. Мұны естіп қойған жұлдыздар бір-бірін кінәлапты. Сонда Балық шоқжұлдызы:

- Мен аспандағы шоқжұлдыздардың көшін бастаймын. Жұлдызнама менен басталады. Адамдар мені ерекше құрметтейді. Мен судың еркесімін. Мен болмасам өзен-көлдер мен теңіздерден сән кетер еді,  - дейді.

Тоқты шоқжұлдызы айтады:

- Сенің адамға тигізетін пайдаң менің жанымда түк те емес. Қазақтар жүнімнен киіз үйлерін жабады. Көздің жауын алатын текемет тоқып, үстіне киім тігеді. Асудан асатын арқан, жіп еседі. Кінәні менен іздемеңдер, - дейді. 

Торпақ шоқжұлдызы айтады:

- Мен сенен еш кем емеспін. Адамдар көктемде мені жегіп, егін егеді, қара күшімді пайдаланады. Сондықтан менің еш зияным жоқ, - дейді.

Бикеш шоқжұлдызы айтады:

- Менен асқан жарық әрі сұлу жұлдыз жоқ. Бәрі мені жақсы көреді, - дейді.

Егіздер болса:

- Біз болмасақ, адамдар жер бетінде тез көбеймес еді. Екеуіміз татумыз. Жұрт бізден үлгі алады. Кінә бізден болуы мүмкін емес, - дейді.

   Осы кезде бәрін бүлдірген сенсің дегендей Тауешкі шоқжұлдызы мүйізін Мерген шоқжұлдызына кезейді. Көзін алартып қарайды. Бұған ашуланған Мерген шоқжұлдызы Тауешкі шоқжұлдызына өткір, сәулелі жебесін жаудырады. Екеуінің арасында от тұтанады. Екі досты ажыратпақ болып, Суқұйғыш шоқжұлдызы үстеріне су бүрке бастайды. Арыстан шоқжұлдызы ақырып, әлемді жаңғыртады. Іс насырға шауып бара жатыр еді. Таразы шоқжұлдызы:

- Достар, сабыр сақтаңыздар! Әділ бағасын мен берейін. Мына Шаян мен Саршаян шоқжұлдыздары бір жарқыраған жұлдыз көрдік деп отыр.

- Қане, не көргендеріңді айтыңдаршы, - дейді жұлдыздар қызығып.

Шаян мен Саршаян айтады:

- Күн жасы үлкен болса да бізге ізеттілік танытып, сәлем беретінін білесіңдер ғой.

- Әрине, білеміз. Оны кім білмейді? - деп шуласты жұлдыздар.

Шаян мен Саршаян айтады:

- Ендеше, тыңдаңдар! Күн бізге ғана емес, тағы бір жарық жұлдызға ерекше иіліп сәлем береді екен.

- Қой, онда Күннен барып мән-жайды сұрайық, - дейді жұлдыздар жамырап.

  Бәрі жиналып Күнге келеді. Достарының әңгімесін тыңдап болған соң Күн күлімсіреп:

- Иә, мен он үш шоқжұлдызға сәлем беремін, - дейді.

- Қалайша? Біз қалай білмегенбіз? - деп шуласты жұлдыздар. Саршаян шоқжұлдызы Мерген шоқжұлдызына бұрылып:

- Білесің бе, екеуіміздің арамызда бір ирек жұлдыз жарқырап тұрушы еді ғой. Мүмкін сол жұлдыз шығар, - дейді. Мерген айтады:

- Мен қайдан білейін. Аспанда жарық жұлдыздар көп қой, - дейді.

   Шындыққа көз жеткізбек болып бәрі он үшінші жұлдызды іздеп аспанды шарлайды. Он екі шоқжұлдыз бейтаныс шоқжұлдызға келеді.

- Сенің атың кім? – деп сұрайды.

- Менің атым – Жыланды.

- Мәссаған! Бұрын сені қалай көрмегенбіз, - дейді жұлдыздар таңырқап.

- Мен сендермен бірге жаралғанмын. Бірақ сендер мені көрсеңдер де мән бермедіңдер. Түсім суық болған соң сендер менімен дос болмай, ренжіп қалам ба деп қорықтым. Көп жылдар бойы ешкім мені мойындағысы келмеді. Өйткені, адамдар он үшінші шоқжұлдыздан қатты қорықты.

- Сонда сені ешкім жақсы көрген жоқ па? – деп аяушылық білдірді жұлдыздар.

- Сендерді Күн қалай жақсы көрсе, мені де солай жақсы көрді. Жалғыз қалған кезде жыл сайын жаныма келіп күлімсіреп, көңілімді көтеріп кетеді.  Күн мені жатсынбайды. Бұл әлемде күннен мейірімді, күннен жылы жүзді жұлдыз көргенім жоқ, - дейді Жыланды шоқжұлдызы. 

   Он екі шоқжұлдыз өздерін кінәлі сезінгендей ұялып, төмен қарады. Жыланды шоқжұлдызымен дос болмағандары үшін қатты өкінді.

- Жұлдыздар, енді бәріміз Жыланды шоқжұлдызымен достасайық, - деді Таразы шоқжұлдызы.

- Әрине, дос боламыз, - деп қуанды жұлдыздар.

- Бәсе, бізде бірлік болмаған соң адамдар шатасып жүр екен ғой. Адамдардың жұлдыз жорамалы да дұрыс болмай жүр, - деді Таразы шоқжұлдызы.  

Сонда Жыланды шоқжұлдызы жаңа достар тапқанына қуанып:

- Мен бақыттымын! Сендермен дос болдым. Бір қазақ ғалымы менің сендермен туыс екенімді әлемге дәлелдеп берді. Мен «Мәңгі қазақ күнтізбесіне» ендім, - дейді.

- Сені көп адамдар әлі мойындамай жүр ғой, - деді Таразы шоқжұлдызы.

- Көресіңдер әлі, мені мойындағысы келмегендерге бәрі күлетін болады. Олар он үшінші шоқжұлдыздан қатты қорықты деп айттым ғой. Адамдар мені мүлде ұмытты. Мені сендердің қатарына қоспады. Мейлі, мен өкпелемеймін. Олар мені орынымнан алып тастай алмайды. Ал сендер ше? Сендер мені жалғыз тастап кетпейсіңдер ме?

- Жоқ, сенен енді ешқашан айрылмаймыз. Мәңгілік дос боламыз. Сен біздің жақын досымыз боласың,  - деді он екі шоқжұлдыз.

   Осылайша, аспан төрінде жарқыраған он екі шоқжұлдыз Жыланды деген досын тапты. Бірақ адамдар әлі күнге дейін он үшінші шоқжұлдызды мойындағысы келмей жүр екен.         

Асхат Өмірбаев

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал