Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Өгей балапан

  • 09.11.2018, 17:25
  • 0
  • 16

 

(ертегі)

Ертеде орманда өмір сүретін жан-жануарлар кімнің     үйі жылы, жайлы, әдемі әрі мықты екенін айтып, әбден дауласыпты.

- Менің үйім – жайлы, - дейді құмырсқа.  – Өйткені, жердің астында тамақ ішетін, ұйықтайтын, астық сақтайтын қойма бар.

- Менің үйімнен жылы ешқандай үйді таппайсың, - дейді торғай. – Менің балаларым ақ мақтың үстінде жатады.  

- Менің үйімдей әдемі үй көргенім жоқ, - дейді тиын.

- Іші кең әрі мықты менің апанымды айтсаңдаршы, - дейді қоңыр аю.

Сол кезде көкек шырылдап, ұшып жұр екен.

- Көкек, сенің ұяң қандай? Біз оны көрмедік қой? – деп сұрайды құстар.  

 - Сендердің өз баспаналарың болған қандай жақсы, мен болсам балапан шығатын жұмыртқаларымды басқа құстардың ұяларыңа қалдырып жүре берем, - дейді көкек.   

- Бұл қалай? – деп таңғалады аңдар мен құстар.

- Құстардың ұясының ішіндегі менің жұмыртқаларым мезгілі жеткенде жарылып, ішінен балапандар шығады. Оны басқа құстар асырайды. Өйткені мен жер бетінде емін-еркін ұшып, қыдырғанды жақсы көремін. Жұмыртқаларымды қай ұяға тастап кеткенімді де білмей қаламын.

- Бұл – сұмдық қой, - деп таң қалады үкі.

- Рас, рас, былтыр менің ұямнан маған мүлде ұқсамайтын бір балапан шықты. Кейін ол өсіп-жетіліп, басқа балапандарымның тамағын жеп қоятын болды. Қомағай әлгі балапанға тамақ тасып шаршадым. Өзі менен үлкен болса да аузын ашып, тамақ сұрай береді. Бір күні әлі бөтен балапан менің балапандарымды жерге құлатып жібергенін өз көзіммен көрдім, - деп шымшық шыр-пыр болып.

- Сосын... сосын не болды? – деп таңырқайды құстардың барлығы қайран қалып.

- Не болушы еді? Ол бізге әбден масыл болып, қанаты қатайған соң беті ауған жаққа қарай ұшып кетті. Тіпті, рахмет те айтқан жоқ, - деді шымшық жылап жібереді.

   Құстардың бәрі жатып ішер, сауық-сайранды жақсы көретін көкекке жақтырмай қарап:

- Көкек, сен тез арада жанымызда ұшып кет! Бұл өлкеге енді жолаушы болма! Әйтпесе, оңдырмаймыз! Сен сияқты мейірімсіз, кержалқау, ұрпағыңың болашағын ойламайтын құстар отбасымыздың шырқын бұзады, - дейді.   

  Көкек тіл қата алмай, достарынан айырылып, басы ауған жаққа ұшып кетіпті. Міне, әлі күнге дейін көкек өзіне баспана жасай алмай, жер бетіндегі құстардың ұясына жұмыртқаларын тастап жүре беретін жаман әдетін қоя алмапты.

Асхат Өмірбаев.

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал