Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Сандуғаш пен Қарға

  • 07.02.2018, 14:18
  • 0
  • 16

 

(Ертегі)

  Кішкентай Сандуғаш жеміс-жидек іздеп жүріп, жеміс мол бір ағашқа кезігіпті. Қарны қатты ашып кеткені соншалық, жан-жағына қарамай, тәтті жидектерді жей беріпті. Сол кезде бір дәу қара Қарға оны желкесінен бүріп ұстап алыпты.

- Менің талымнан неге рұқсатсыз жеміс алып жейсің? – деп Сандуғашты қинапты. Кішкентай Сандуғаш:

- Кешіріңіз, бұл бұтақта сіздің отырғаныңызды байқамаппын. Қазір ұшып кетемін, - дейді.  Қарға болса кішкентай Сандуғашты жібергісі келмей, мойнын қатты ауыртыпты.

- Қарға, мені жіберіңізші! – деп жалынады Сандуғаш.

- Жарайды, жіберейін, бірақ сен маған талымнан жидек жегенің үшін ән салып бер, - дейді. Кішкентай Сандуғаш келісіп, әдемі дауысымен шырқай жөнеледі.

- О, әнің неткен әдемі! – деп тамсана таңғалады Қарға. – маған да үйретші!

- Үйретейін, бірақ сіз мені жіберіңізші, әйтпесе мойным ауырып кетті, - дейді кішкентай Сандуғаш. Қарға босатып қоя береді.

- Міне, мен секілді ән салыңыз, - деп Сандуғаш сайрай жөнеледі.  Қарға қарқылдап, құр бақырғаннан басқа ештеңе айта алмайды.

- Мен сіздің неге ән айта алмайтыңызды білемін, - дейді Сандуғаш.

- Білсең айтшы,  - дейді Қарға.

- Сіз кішкентайларды сыйлауды білмейсіз. Үнемі біреулерге ұрысып, күш көрсетіп, қарқылдап жүресіз. Сондықтан сіз ән сала алмайсыз. Кімнің ниеті ақ болса, содан жақсы әнші шығады. Ал, кім қаскөй болса, жүрегі қарайып, ән сала алмайды, - деп Сандуғаш ұша жөнеліпті.

Асхат Өмірбаев

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал