Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Орамал дауы опық жегізбесін

  • 10.11.2018, 10:25
  • 0
  • 50

ЖақындаТүркістан облысындағы мектептердің бірінде болған жағдайдың соңы біраз шуға ұласты. Негізгі себеп – 1 қыркүйек күні мектепке оқушы қыздардың орамал тағып келуі, яғни мектеп формасының бұзылуы. Бұл жайт соңғы жылдары еліміздегі өзекті  мәселелердің біріне айналып отыр.

Орамал – ұлттық құндылық, нәзік болмыстың нышаны, адалдықтың белгісі. Ата дәстүрдің сан қилы сынына көніп, балиғаттан асып, жауапкершілікке басын иген  келіннің, басына көтерген байрағының шаңырағын шайқамай, керегесін қайыстырмайтын асыл жардың, елім дейтін айбынды, саналы ұрпақ тәрбиелейтін аяулы ананың, немерелерін ғажайып ертегі нұрына бөлеген әжейдің бейнесі  осы бір орамалға түйіліп жатқандай. Тағылымды тарихтың тұңғиығынан тартып тұрып аналарымыз басына ораған жаулықтың ғұрпымызға таңсық емес екені хақ. Орамал көңіл-күйді, жақсылық пен жамандықты, тіпті әйел қауымының жас ерекшеліктерін білдірген.
Дін діңгегіне үңілсек, қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресінде: «Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт! (Үйлерінен шығатын болса) үстеріне жилбәбін (яғни жамылғысын) жапсын! Бұл оларды жеңіл (күң емес, жезөкше емес, азат әрі пәк әйел екендігін) тануға, оларға бөтен еркектердің тиіспеуіне жақын!» – делінген. Иә, расында әйел адамның жабық жүруі хадистер мен аяттарда нақты көрсетілген әрі бұйырылған. Орамалсыз жүрген әйелдің дін иманы қырық қадам алыс жүреді деген сөз де бар.
Дін мен дәстүрді бір шолып өттік делік. Енді негізгі мәселеге оралайық, мектеп оқушыларына неліктен сұлулық символын тағуға болмайды? Жатсынғаны ма, жоқ, әлде заман талабы ма? Неге орамал таққан оқушыға мектеп табалдырығын аттауға рұқсат жоқ?.. Жауап іздеп көрейік.
2017 жылдың қаңтар айында Білім және ғылым министрлігі мектеп формасының ережесі туралы №26 бұйрық шығарған еді. «Бірыңғай мектеп формасы туралы» бұйрықта «Қандай да бір дінді насихаттайтын киімді мектепте киюге тыйым салынады» деп жазылған. Мектеп әкімшіліктері осы талапты негізге ала отырып, орамал таққан қыз балаларды сабаққа кіргізбеген. Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов: «Орамал мәселесі республиканың барлық жерінде қалай шешіліп жатыр, біз де солай шешудеміз. Оқушылармен де, олардың ата-аналарымен де сөйлесіп жатырмыз», – деді.
Орамал мәселесі туралы киелі Түркістан аймағына барған сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен мұндайға мүлде қарсымын. Әсіресе, оқудағы жас қыздардың паранжа мен хиджапқа әуестігін қолдамаймын. Біздің тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз ұстанып келген дінімізде ондай дәстүр болған жоқ. Біз ақиқат ислам мен ислам атын жамылған ағымдарды айыра білуіміз керек»  – деп айтқан болатын.

Түйін. Дінде балиғат жас деген болады және балиғат жас балалықты тастап бойжеткен шақ, нақтырақ айтсақ тұрмыс құратын шақ болып саналады. Қазақ қыздары бұрындары ақ босаға аттағанға дейін орамал тақпаған. Ақ босаға аттаған соң ғана басына ақ орамал таққан. Ал қазір ше? Қазір көп жағдайда 20-ға таяғанда немесе 20-дан асқанда тұрмыс құрады. Сондықтан да дәл осы маңғаз заманда қыздарымызға тұрмыс құрғаннан кейін жаулық таққаны дұрыс деп есептеймін. Сонда ғана сырттан келген діни экстремизмге де қарсы тұрамыз, салт-дәстүрімізді де сақтайтын боламыз.

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал