Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

  • 18.11.2018, 10:28
  • 0
  • 43
  • 0

«Біздің тарихымызды жаулап алушылар жазды» деп Жавахарлал Неру айтқандай, өз өткенімізге үңілуге, түп төркінімізді тануға мұршамыз келмеген кешегі күні келімсектің атын атап, түсін түстеуден әрі аса алмадық. Еділді Атилла деп ұқтық, бер жақтағы Абылайдан гөрі ар жақтағы Иван Грозныйды көбірек таныдық. Ер Едігемізді әлі күнге дейін аңыздан аршып ала алмай жүрміз. Антикалық әлемге барып-келіп жүргенімізбен Шығыс жұртына, Түркі дүниесіне келгенде дүмше молдадай дүмбілез ұғымды ғана малдандық. Түндігімізді жел үрлеп, кіндігімізді жай кесіп жүргенде көп нәрседен құр қалғанға ұқсаймыз. «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп Абайдың аржақ-бержағына күдік көзбен сұрақ тастай қарауы да тегін емес білем. Сол Ескендірді, айналайын, ауыз әдебиеті әлімсақтан санамызға енгізді. Шыңғысханды жүре келе таныдық. Ал Әмір Темірді ше? Бірқатарымыз білеміз дейміз. Бірақ… шынтуайтына келгенде, беттен қалқимыз, құрдымға кететіндей тереңге малтуға құлықты емеспіз. Тіпті, оны Әмір Темірді ауызға алған жағдайда көмескі, көрбілте қайдағы бір дәлелсіз, дәйексіз ой-пікірді алға тартатынымыз бар. Ал сол Әмір Теміріңіздің дүниеге келгеніне жеті ғасырдай уақыт өтіпті. Аз ба, көп пе? Біреуге аз, біреуге көп. Бәрі көзқарас пен ой өлшеміне, одан қалса, таным мен білікке байланысты. 
Әмір Темірді танып-білу арқылы осыдан жеті ғасыр бұрынғы әулет-ұрығымыздың әлеміне қанығарымыз тағы анық. Сөзден сөз шығады демекші, жуырда жол үстінде өлшеулі жасын өлшеусіз ғылымға толайымен арнап жүрген тарихшы ағамызға жолығып қалып інілік базынамды білдіріп: «Әмір Темірді неге жазбай жүрсіздер, өзағаңдар оның мерейтойын тағы да атап өтті ғой?» дедім. «Ойбай, оның несін жазамыз, бізге он екі рет жорық жасады емес пе?», – деді ағамыз іле жауап қатып. «Қалайша?». Дағдарып қалғанымды аңғарған ағамыз жүре жауап қатып: «Е, ол ұзақ әңгіме ғой…» , – деді де кете барды. 
Жол-жөнекей әңгімеде қайбір бәтуа болушы еді, «қалайшамен» қалт тұрып қалған мені «өзіңе де сол керек» дегендей, жанымдағы досым одан әрмен «жазалайды»: «Өзбек бауырларымыз мәледес қой, ұлы Жаһангердің тойына әй-шәйсіз-ақ әзірлік көріп жатқан. Ислам Каримовтың өзі Парижде «Әмір Темір – өзбек халқының ұлы перзенті» деді емес пе?! Ал біз… әлі қалғып-мүлгіп жүрміз. Тарихшы ғалымымыздың айтқаны анау…». 
Сонда ағамыздың «бізге»-сі кім болды екен? Он екі рет жорық жасағанын қайдан біледі? Неге не он бір, не он үш емес? «Бізгенің» ар жағында не жатқанын аңғару қиын болмас-ау, бірақ ағамыз осыны жол үстінде ғана емес, қалың қауым шәкірттеріне айтып жүрсе ше? О да мүмкін-ау… Енді бірде мынандай ой-пікірлер қылаң беріп қалады: «Әмір Темір болмағанда…» Иә, Әмір Темір болмағанда, ол Тоқтамысты үш рет түре қуып, жайратпағанда бәленбай жыл орысқа бодан болмайды екенбіз. Иә, Әмір Темір сон-а-ау Анкараға дейін барып Қайсарды (Иылдырым Баязидті) қан қақсатпағанда Еуропа елі әлі күнге дейін есін жия алмай есеңгіреп жүреді екен. Әмір Темір болмағанда…
Жарайды, осымен доғара тұрайық. Ілгері итінген тарихтың шығыршығын кейінге кері айналдырамын деп әуреленушілер, өкінішке қарай, әлі күнге арамызда аз емес көрінеді. Алланың әміріне, уақыттың үзіріне жүгінген жүріс-тұрыс адамның дегеніне бағына қоюшы ма еді. Оның үстіне осыдан алты-жеті ғасыр бұрын болып өткен оқиғаға бүгінгі күннің өлшем-мөлшерімен баға беруге, айтыңызшы, кімнің хақысы бар? Әмір Темір сол кезгі өзінің іс-әрекеті арқылы бізге есеп беріп, емтихан тапсыратындай соншалық біз кім едік? «Егер Әмір Темір болғанда…» деп неге айтпаймыз? Иә, егер Әмір Темір болғанда әлгіндегідей әсіре тарихшылар аз-кем абайлап сөйлер ме еді. Егер Әмір Темір болғанда әлгіндегідей кесімді үкім, кесірлі пікір айтуға аруағынан қорқар ма едік?.. Егер Әмір Темір болғанда… Жә, тым таусылмайыншы. Ұлы тұлғалар ұлы рухтың иесі ғой қашанда. Олар біздің шыж-быжымызды да, сіз-бізімізді де керек етпес. Оның үстіне Ескендір Зұлқарнайын да, Шыңғысхан да, біз ауызға алып отырған Әмір Темір де күні кешеге дейін денемізге егіп, санамызға енгізгендей тым қанішер, аса жауыз емес екен ғой. Өзгені қайдам, Әмір Темір біз өлшеп-пішіп жүргендей бірер ғана қасиет пен қасірет иесі емес, күрделі тұлға, бірегей бекзат, кең де кереғар дүние. «Ештен кеш жақсы» екенін ескерсек, ескі ұғымның есігін жауып, жаңа көзқарастың көкжиегіне көз тоқтатып, көңіл тояттататын кез енді келген сияқты. 
* * * 
Әділін айтсақ, Әмір Темір хақындағы тарихи деректер бізден гөрі Батыс елдеріне көбірек тараған. Ондай деректі дүниелер қатарына алдымен Низамиддин Шамидің «Зафарнамасын», сондай-ақ, «Темір қағидаларын» жатқызар едік. Әсіресе, «Темір қағидалары» өзінің шымыр да жұмырлығымен әлем жұртшылығын өзіне тез аударған. Бұл өмірбаяндық аманат кітабы он сегізінші ғасырдан бері қарай (бәлкім, одан да бұрын болар) әлем тарихшылары мен зерттеушілерінің ықылас-назарын өзіне аударумен келеді. Осы мерзім ішінде оның талай елдер тілдеріне аударылғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, ол 1787 жылы француз, 1830 жылы ағылшын, 1845 жылы 13 ұрду, 1894, 1934 жылдары орыс, 1835, 1857 жылдары өзбек тіліне (бірақ толық емес) аударылып, жарық көрді. Өздеріңізге себебі белгілі болар, өзбек тіліндегі нұсқасы ұзақ жылдар бойы жасырын, жабық күйінде қалып, тек бергі жылдарда ғана дүние жарығын көрді. 
«Темір түзіктері» немесе «қағидаларын» айрықша бөліп алып отырғанымызда мән бар. Біріншіден, бұл – ғұмырнамалық жазба. Екіншіден, бұл – ғибраты мол, өсиеті өзгеше ғажайып шығарма. Қалай болғанда да, бұл дүние де – ұлы адамның ұрпаққа қалдырған аманаты. Өз кіндігінен тараған ұрпақ пен әулетке өмір жолынан ғибрат ұсыну, аманат сөз қалдыру, анығын айтсақ, Әмір Темірден бұрын да болған. Бұл дәстүрдің басы ең әуелі қытайлар мен түрік-монғол хандарынан тараған. Мәселен, Кей-Қауыс патшаның осыдан 900 жыл шамасы бұрын баласы Илан Шахқа арнап жазып қалдырған «Қауыс-намасы», түрік қағандарынан қалған «Бұйрықнама», Шыңғысханнан қалған «Бірлік», Қантемір қалдырған «Ху маюн қағидалары», Рузбехан жазған «Сүлік әлмүлік» («Патшалардың іс-әрекеттері») бұл айтқанымызға жеткілікті дәлел бола алады. Осылардың ішінде, әсіресе, Батыс жұрты неге «Темір қағидаларына» айрықша әуес болды екен? Мұның мәнісі мынадай. Біріншіден, мұнда Әмір Темірдің жорық жолдарындағы іс-тәжірибесі, соғыс кезіндегі амал-айласы, шешуші кезеңдегі тактикасы мен стратегиясы жан-жақты баяндалған. Екіншіден, «қағиданың» екінші бөлімінде ұлы Жаһангердің ең алдымен өзінің немере-шөберелеріне, одан қала берді, кейінгі ұрпаққа ұсынған ғажайып ғибраты, тамаша тағылымы, таңғажайып тағдыры, өзгеше өміршең өсиеті бар. Қай-қайсысы да естіген кісіні елеңдетпей, оқыған кісіні ойға шомдырмай қоймайды. Осыдан келіп мынадай ой туады: әпербақан, әсірешіл Батыс жұртына мұның екеуі де керек. Әсіресе, алдыңғысы. Айналдырған аз жылда үлкенді-кішілі 27 мемлекетті тізе бүктіріп, «жарты әлемді жаулаған» Жаһангердің майдан даласындағы айрықша ақыл-айласы, өзі ғана ойлап тапқан әскери ілім-білімі кімді қызықтырмады дейсіз?! 
Тарихта «Анкара айқасы» аталған, сонау 1402 жылдың жазындағы Әмір Темірдің Баязид қосынын талқан еткен ұлы жорығынан кейін-ақ Батыс жарты әлемінің назары ұлы Жеңімпазға толайымен ауғаны бесенеден белгілі. Орайы келгенде айта кетпеске амалым жоқ, осы «қағиданы» мен осыдан он-он бес жыл бұрын аударып (өзбекшеден) баспаға ұсынғаныммен шығара алмаған соң 1991 жылы Шымкенттің қалалық баспаханасынан азғантай ғана данамен бастырған болатынмын. Батыс-Шығыс баяғыдан назар аударған бұл дүние қазақ топырағында осы күнге дейін басыбайлы кітап болып жұртшылық қолына тимегенін ескерсек, өз тарихымызға, оның ерекше беттеріне, бөлекше тұлғаларына деген ынта-ықыласымыздың қай дәрежеде екенін шамалауға болар. Соғыс алаңындағы айқастың әр жорық сайын түбегейлі жетілуін көздеген ұлы Жаһангер оның 24 түрлі тәсілін тапқан екен! Бақилыққа аттанар алдындағы пенденің аузынан аманатпен бірге өкініш те айтылмай қалмайды екен. Темірдің де көкірегін қарс айырған өкініш бар: «Соғысудың 24 тәсілін тауып едім, амал не, мықты деген Қайсардың өзі төртінші соққыма қарсы қайрат көрсете алмады…» депті фәни дүние мен бақи дүниенің арасында аласұрып жатып. 
Ал «Темір қағидаларының» ғибратнама бөліміне келсек, мұны оқыған кісі ұлы әміршінің тек қана соғыс Жолбарысы, айқас Арыстаны ғана емес, асқан ақылды, парасатты, жан-жақты ілім-білім иесі екенін де қапысыз аңғарады. Әсіресе, мемлекет басқарудағы ішкі-сыртқы сұңғыла саясаты, жүйрік те алғыр, ілгір де білгір ақыл-амалы, іс-тәжірибесі бүгінгі ел басшыларына да, оның қосшыларына да тамаша үлгі-өнеге! Кезекті дүниені қайдам, өзекті дүние өлмейді екен ғой. Ой-пікірімізді мысалмен мықтасақ, Әмір Темір өз «қағидасында» былай дейді: «…Немерелеріме жол-жоралғы болсын деп айтарым, мен өз өмірімде он екі нәрсені алдыма нысана етіп алып, сол арқылы биліктің биік мәртебесіне жеттім. Осы он екі нәрсенің көмегімен әртүрлі мемлекеттерді бағындырып, оларға өз әмірімді жүргіздім. Бағыма көрік, тағыма ерік сыйладым. Сендер де осыған лайықты болыңдар, аманатыма иелік етіңдер. Сонымен… он екі нұсқаның біріншісі – Алла тағаланың қалауы мен Мұхамбет Мұстафаның шариғатына бас иіп қана қоймай, оған мейлінше өріс бердім. Әр жерде және әр уақытта ислам дінін қолдап-қуаттадым. Екінші – Он екі тармақ пен тайпадан тарайтын адамдар арқылы мемлекеттерді әрі бағындырып, әрі басқардым. Ел мен оны басқарудың ұстынын осылармен бекітіп, сарай кеңестерін осылармен баянды еттім. Үшінші – билікті мәмілемен, бұйрықты түсінушілікпен, істі сабырлылықпен жүргіздім. Көп нәрсені біліп, сезіп тұрсам да, білмеген, сезбеген болдым. Доспен де, қаспен де түсінісуге, тіл табысуға тырыстым. Төртінші – мемлекет істерін билік жүргізудің қарар-қағидаларын негізге ала отырып атқардым. Бұрынғы үлгі-үрдіске сүйене отырып, билік жүргізуде өз мәртебем мен орнымды берік ұстандым. Әмірлер, уәзірлер, әскер мен бұқара халық – бұлардың әрқайсысы өз орны мен лауазымына қарай маған қызмет көрсетіп, одан артыққа дауалары бармады. Бесінші – …Билік тәжін қалай кидім – солай ұйқым қашып, тынышым кетті, өз төсегімде рахаттанып ұйықтау мүмкіндігінен айырылдым. Он екі жасымда әртүрлі аймақ, елдерді араладым. Азап-ақырет, мехнат-машақат шектім. Қилы-қилы әдіс-амалдар қолданып жау әскерін жайраттым. Әмірлерім мен әскер басылардан ащылы-тұщылы сөздер есітіп, жамандықтар көрдім. Бірақ естімеген, білмегенге салындым. Өзім бастап қылыш көтеріп, семсер сайлап, арасат алаңына кірдім. Көптеген ел-жұртты бағындырдым. Жәми жұртқа атағым жайылды. Алтыншы – … Дұрыс саясат, баянды бағдармен сарбаздарымды да, бұқара халықты да үміт пен қорқыныш аясында ұстадым. Сарбаздарыма сауғалар үлестірдім. Залымдардан момын мен мүсәпірдің сыбағасын қайырдым. Залымдар жасаған залал мен зиянкестіктерге көз жеткізген соң олардың тағдырын шариғатқа лайық адамдар ортасында шештім… Жетінші – тектілер, ғұлама мен даналар, шайыр-шешен, шежіреші-тарихшыларды айрықша назарлы һәм құзырлы адамдар деп біліп, олардан ізет-құрметімді аямадым. Өзі де, сөзі де батыл кісілерді дос санадым. Себебі, Алла тағаланың өзі де ондай жандарды жақсы көрген. Дәруіштер мен мүскін, ғаріп, пақырларды есіркеп, еледім, мүмкіндігінше көңілін қалдырмадым, қамқорлығыма алдым. Ойы бұзық, іші сасық ғайбатшыл адамдарды сұхбат-кеңесімнің маңына жолатпадым, өздерін малданбадым, сөздеріне алданбадым. Сегізінші – бірбеттілік – бірегей мінезім болды. Бірер істі қолға алсам, бітіргенше тыным таппадым. Сөзімді іспен тиянақтадым. Ешкімге қаттылық, ешбір істе тарлық жасағаным жоқ. Өйткені Алла тағаланың кәріне екі аяқты пенденің қай-қайсысы да ұшырауы мүмкін ғой. Адам атадан бастап бүгінге дейінгі өткен-кеткен сұлтандардың ел билеудегі амалын, тұрмыс-тіршілігін, тағдыр-талайын көнекөз даналардан сұрап, біліп отырдым. Әрқайсысының жол-жорықтарын, қылмыс-жазаларын, айтқан сөздерін, мирас-мұраларын жадымда сақтадым, жақсы жақтары мен үлгілі істерінен ғибрат таныдым. Нәсілді бұзатын, ашаршылық пен оба әкелетін әрқалай пиғыл-әрекеттерге абай болуды өзіме парыз санадым. Тоғызыншы – қашанда қалың бұқараның хал-жағдайынан хабардар болдым. Үлкендерін ағадай, кішілерін ұлымдай көрдім. Әрбір мемлекеттің жай-күйін, қара халықтың қас-қабағын, мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін, әрекет-берекетін қалаған уақытта біліп тұру үшін дені таза, ниеті түзу адамдардан өкіл тағайындадым. Болған жайды жалған жазып, өтірік сөйлегендері болса, аяусыз жазаладым. Әкімдер мен жергілікті басшылардың қай-қайсысының халыққа тізе батырғанын естісем, сол заматта айыбына, қылмысына лайықты жаза қолдандым. Оныншы – …Кімде-кім маған қалтқысыз достық көрсетсе, қадір-құрметін ұмытпадым, мүмкіндігінше мен де сый-сияпат, ізет-құрмет көрсеттім. Кімде-кім маған адал қызмет көрсетсе, қызмет ақысына қиянат жасамадым. Кімде-кім маған дұшпандық жасаса, бірақ кейін мұнысына қынжылып, алдыма келіп кешірім сұрап тізесін бүксе, қысастығын бетіне баспай достық көңілімді көрсеттім. Қайсыбір қатардағы сарбаз опагерлікті естен шығарып, қызметтес өз басшысын жамандап менің алдыма келетін болса, ондай адамды өзіме ең қауіпті жау есептедім. Он бірінші – билік биігіне, абырой-атақ мәртебесіне көтерілген кездерімнің қай-қайсысында да перзенттерім мен туған-туысқандарымды, жора-жолдас, көрші-қолаң және басқа да дос көңілді, қош пейілді адамдарымды ұмытқан емеспін. Қиянат та қылмадым. Өз перзенттерім мен қандас-қабырғалас адамдарыммен мейірімім үзілген емес. Олардан жөнсіз, лайықсыз іс-әрекетін көрсем, табанда аяқ-қолын матап, аяусыз жаза кесуге асықпадым, анық-қанығына көз жеткізіп барып шара көрдім. Тіршіліктің ыстық-суығын кешіп, өткеннен сабақ алып, тәжірибе арттырдым. Содан болар, доспен де, дұшпанмен де тіл табысып, бірқыдыру ғұмыр кештім. Он екінші – достық-қастығына қарамай қай кезде де зиялыларды құрметтедім. Себебі, олардың әр қайсысы әртүрлі. Бірі пәни жалғанның алдамшы мал-мүлкіне бола өз жаны мен ожданын сатса, ендігі біреуі жеме-жемге келгенде жалғыз жанын аямай құрбандыққа шалып жатады. Егер жау жағының бірен-сараны өзіне тән мәрттік-жомарттықпен шын көңілден қызмет көрсете жүріп, ұрыс кезінде маған қылыш көтерсе де, ондай адамнан біржола күдер үзбей, алдыма келсе, адалдығын сезсем, хал-қадірінше құрметтеп, сенім білдірдім. Бұдан былайғы жерде риясыз, адал қызмет ететініне күмән келтірмедім. Өйткені, бәріміз де жұмыр басты пендеміз ғой… Бұларға қоса тәжірибемнен тағы бір байқағаным – егер мемлекет белгілі бір тәртіп, қағидаға бағынып құрылмаса, белгілі бір құрылымға негізделмесе, онда биліктің салтанаты мен құдіреті, тағдыры мен тәлімі түкке тұрғысыз болмақ. Мұндай биліктің тұрқы мен сықпыты жамылғысыз, лыпасыз тыр жалаңаш адамға ұқсайтын болғандықтан, оны көрген жұрт жиіркеніп, бетін басып сырт айналады. Не болмаса, ол қайдағы быр қаңғырған адамдар қалай болса солай кіріп-шығып жүре беретін үсті ашық, есік-терезесі жоқ тоз-тозы шыққан үйден айнымайды. Сол үшін де мен өз билік, әмірімді ислам дініне сүйене, белгілі қағидаға негіздей құрдым. Мемлекет басқару барысында кездескен қандай да бір мәселені де осыған сәйкестендіре отырып атқардым. Менің ұрпақ алдындағы парыз-қарызымның, атақ-даңқымның баянды болғанының түп негізі де осыдан…». 
…Әмір Темір діндар да ырымшыл адам болған. Бір таным-нанымға құлай беріліп, ырым-жырымға құлша жегілу – ұлылардың, одан да қала берді ірілердің ісі. Мына бір-екі ауыз сөзден-ақ ұлы Жаһангердің алдына қойған мақсат-мүддесін, әскери саясатын әбден аңғаруға болады: «Алла тағала жердегі өзінің бар жаратқан мүлкін сақтап, қорғауды маған тапсырды. Ал пайғамбар сол мүліктің есігін ашар кілітті маған тарту етті». Әмір Темір бұл арада Алламен тікелей ауызба-ауыз әңгімелеспеген болар-ау, дегенмен, наным мен сенімнің де өз құдіреті болатынын ұмытпалық. Ішкі сенім, қуат, күш, құдірет, көбіне сыртқы әсерге, ықпалға иек артады. Осыған қатысы бар бір-екі мысал келтірелік. Темірдің әкесі Әмір Тарағай бірде түс көреді. Түсінде әдеміше келген араб жігіті бұған жүзі жарқ-жұрқ ойнаған қылыш ұсынады. Ол қылышты алған бойда олай-былай сілтеп қалады. Ғажайып жарқылдан бүкіл әлем жап-жарық болып кетеді. Көрген түсін пірі – тақуа Әмір Құлалға жорытқанда, ол кісі былай дейді: «Ғажайып түс көріпсің. Алла тағала саған бір ұл береді екен. Ол ұл әлемді өзіне бағындырып, түнекті жарыққа, кәпірді мұсылманға айналдыратын болады». Бәлкім аңыз болар, бәлкім аян болар, бірақ мұның күндердің-күнінде ақиқатқа айналғаны рас. Ұлы Жаһангердің әр жорығы жеңіссіз, жеміссіз аяқталған жоқ. Тұран империясының іргетасын бекітті, керегесін кеңітті, атақ-даңқын асырды. Сенім мен нанымға, оның түп қазығы – дінге арқа сүйеуінің арқасында әлем тарихында аты қалды. Шындығында да, сенім, наным адамның қос қанаты, қолына ұстаған қос шырағы сияқты. Бұл жайында Темір: «Мен бір қолыма әділдіктің, екінші қолыма мазасыздықтың маздағын ұстап, осы екеуімен бүкіл өмірімнің жолын жарық етіп отырдым» деп ағынан жарыла ақтарылады. 
Әуелгідегі ауыр да тар жолды тағдырын еске ала отырып әміршінің тағы да былай дегені бар: «21-ге толған шағымда сапарға шығып ел аралауға, жұрт тануға бел будым. Осы мақсатпен ақ батасын алуға алдымен Зайниддин Әбубәкір Тайбади шейхқа келдім. Ол кісі менің алған мақсатыма ақ жол тілей тұрып беліме кемер белдік байлады, қолыма сақина салды. Сонан соң барып былай деді: «Саған Алланың нұры жауып тұр, балам. Менің пайымдауымша, мына жердің үстінде сенің қолтығыңнан демейтін, әмсе қорғап, қолдап жүретін бір кісі бар. Ол – пайғамбардың адамдар арасына арнайы жіберген елшісі. Сен оны әзірге көре алмайсың, бірақ кейін оның өзі саған мейір-шапағат көзімен қарайтын болады». Осыны айтып ол мені қасына алып, екеуміз Құдайға құлшылық еттік. Содан соң ол мені Саид Атаға тапсырды. Екеуміз ұзамай намазға ұйыдық. Ол не істесе, мен де соны құлшына, беріле қайталап отырдым. Намазға берілгенім соншалық, өзімді рахат пен ләззат құшағында сезіндім. Үзіліс кезінде ол маған былай деп тіл қатты: «Сен құдайы қонақсың. Сондықтан да Алла тағала бұл жолы не тілесең, соны орындауға әзір». Мен күбірлей тіл қатып, Алланың маған сенім артуын өтіндім. Сонда Ата: «Сенім пайғамбардың ықтиярында. Сенім деген де қамалы бар, қорғаны бар қала. Біреулер оның сыртында тұрып «Құдірет жоқ, Алладан басқа» дейді. Енді біреулер оның ішінде тұрып: «Алладан басқа құдірет жоқ» дейді. Ол қаланың аты – «Баб-ул-абваб». Онда тұрып жатқан бақытты жандар шын ниетпен: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Алланың пайғамбары» дейді. Осыны айтып Саид Ата сәждеге қайта бас қояды. Мен де оны қайталадым. Сәждеден бас ала бергендегі байқағаным – Саид Ата сол сәждеге басын қойған күйі мәңгілікке мызғып кеткен екен. Намазды апыл-ғұпыл аяқтай салып бұл жайды Зайниддин Әбубәкір Тайбади шейхқа айтуға асықтым. Шайқы маған: «Билік бір ғана құтбқа тиесілі. Құтбалар құтбасының бұйрығымен Сұлтанға қол ұшын беретін Құдайдың өкілі де сол болмақ. Сол құтбаның өлімінен кейін бүкіл билік Сұлтан жаққа өтеді. Қайсардың / Иылдырым Баязид билігін Құдайдың бір сүйген құлы (Саид Ата) қолдап-қуаттап жүруші еді. Енді ол жоқ. Бүкіл билік саған ауысады, балам». Әйгілі «Анкара айқасы» Әмір Темір өмірінің аяғына келе осының айқын айғағына айналады. Қаһарлы қайсар да қан майданда қарсы қайрат көрсете алмай қара жамылды, ішқұсалық уынан қаза тапты. Айтпақшы, қашан да әділ, турашыл, бірбеткей Темір тұтқындалған Қайсарды алдына алдырғанда былай деген: «Баязид! Бақытсыздығың үшін алдымен өзіңді айыпта: бұл – өзің еккен дарақтың тікені. Мен сені әуелі бірнеше мәрте мәмілеге шақырдым. Көнбедің. Орындалуы оңай ғана шарт қойдым. Оны да кері қайырдың. Намысымды, арымды аяғыңа таптап айбарақ хат жолдадың. Шыдамның да шегі бар. Менің саған залал келтірмегенім былай тұрсын, жауларыңмен ұрыста жәрдем беруге де ниет қылдым. Ожарлығың өз түбіңе жетті. Өкінішті! Егер жеңіс сен жағында болғанда, маған және менің сарбаздарыма не істейтініңді бір құдайым білсін. Әйтсе де, өкінбе, бекін. Көңіл күдігінен айық. Өміріңді сақтап қалумен бірге Анкараңды өз билігіңе берейін. Ал мен өз жеңісім үшін алдымен Аллаға рахмет айтамын…».
Мұнымен бірге Әмір Темір «жауды аяған жаралы» боларын да ешқашан есінен шығармағын. Хорезм мен Исфаһандағы қанды оқиға осының дәлелі. Сатқындық пен сенім, надандық пен наным хақында Әмір заманынан бері келе жатқан мынадай аңыз бар екенін еске сала кетелік: бір көкқұтан ұшып келіп өз ұясына жайғасып алған қарғаны көреді. Екі-үш күн өтсе де ол бұған пәлендей мән бере қоймайды. Ал төртінші күні төрт жүз көкқұтан ұшып келеді де ұясын қарғаға берген әлгі көкқұтанды түте-түтесін шығарып шоқып өлтіреді. Құс екеш құстың да аты мен заты ала-құла, бірақ ұяның бәрі киелі. Жарты-ақ ауыз аңыздың астарында атан түйе тарта алмас ғажап ғибрат жатыр! Ол қай заманның да қаперіне ортақ. Ұядан ұрпақ өседі. Бұл – әлімсақтан келе жатқан дүниәуи дәстүр. Ұясын берген құс та, үйін берген ұл да ұят та, ар да, намыс та, ождан да олқы соғып тұрады. Ал олқылық түбі бір опындырады. Опасыздық та осы тұстан бой көрсетеді. Қай ұрпақтың да алдымен осыдан сақтанғаны абзал… 
Әмір Темірді аса ырымшыл дедік. Әсіресе, түске қатты сенген. Жұмыр басты пенде емес пе, оған да қайғы мен қуаныш, жақсылық пен жамандық, үміт пен күдік қатар келіп отырған. Мәселен сүйікті ұлы, тұла бойы –тұңғышы Мұхамбет Жаһангердің қазасын сонау ит арқасы қиянда, Самарқаннан қашықта жүріп түс көру арқылы сезіп-білді дегенге кім сенер?! Шатыр ішінде, жарым түннің жайсыз бір сәтінде өз түсінен шошып оянған ол жедел жүріп отырып Самарқанға жеткенде алдынан қара жамылған халықты, аңыраған ағайынды көріп көкірегі одан сайын қарс айырылады. Қатты қайғырған ол ешкімге көрінбей бірнеше күн оңаша жатып қалады. Тағы да түс көреді. Түсінде ақ желеңді, ақ сақалды, ақ сәлделі, ақ асалы кісі ғайыптан келіп оны оятады: «Ей, Әмірші! Тұр орныңнан, тұр! Қайғыру да, қамығу да саған жат. Алла ісіне амал жоқ. Сен қалғысаң – халқың ұйықтап қалады, Сен қайғырсаң – дүние қараң қалады. Жалғызың емес, Жаһангер, Самсап тұр ғой сансыз ұлың, немерең! Қабыл болып барша мақсат, тілегі, Сен қайғырсаң, жауын сақ-сақ күледі. Қашыр бойдан қайғыны! Пендесіне таусылмайтын қайырымы, Алланың көп ай-күні… Қайда Әмірдің қайраты? Қайда Әмірдің айбаты?! Тұр орныңнан, тұрып кет! Әлі мынау әпербақан әлемде Сен тазартар былық көп… Тұр орныңнан, тұрып кет!». Қарғып тұрып қайратына қайта мінген Әмірші атқа қонып Жетедегі көтерілісті басып-жаншуға жедел аттанды… 
«Тақта отырғаннан атқа отырғанды әлде қайда жақсы көремін» дейді екен Темір. Шындығында да, үш жылға, бес жылға, жеті жылға созылған соғыс пен жорық-жосындар «отырған омалатынын», «жүргенге жөргем ілінетінін» біржола айғақтап бергендей. Әмір Темір қай жорық сапарына да алдын ала қамданусыз аттанбаған. Әуелі ол елге тыңшы, жансыз жіберіп хал-ахуалынан хабар алған. Сонсоң елші жіберіп тағы да байқаған. Бұған қоса Піріне Құран аштырып бұл жорықтың болжалын білген. Діни наным-сенімнің беріктігінің бір белгісін мынадан көруге болады: «Румға – Иылдырдым Баязидке қарсы жорық ашу алдында бұл соғыстың мән-жайы қалай болмақ деген ниетпен Қожа Ахмет Иассауи шайқының моласына түнеуге аттандым. Шайқы түнде түсіме аян беріп, «Бұл жорық кезінде қиын-қыстау сәт басыңа түсе қалған жағдайда мына төрт жол өлеңді қайталап отырсаң, мақсатың ойдағыдай орындалады» деді. Ол төрт жол өлең мынау: «Ей, қараңғы түннің шамын жарық еткен, Ғаламды гүлстан-бақ, анық еткен. Басыма түскен істі жеңілдеткен, Ей, бейшараның мүшкіл халын көңілді еткен…» Бұл төрттағанды мен жақсылап жаттап алдым. Қайсармен болған ұрыста мен оны жетпіс рет қайталадым. Нәтижесі сол, ғажап жеңіске жеттім». 
Әскери айла-тәсілі әбден жетілген Әмірші психологиялық ықпал жасауға да өте-мөте ықыласты болған. Кез келген елдің шетіне жетіп, шекарасынан өтер алдында сол елдің патшасына мынадай екі-ақ ауыз сөз жазып хабар жібереді екен: «Әмір Темір келді». Кештегі Ақсарайы мен Самарқандағы Көксарайынның әлем-жәлемдігін айтпағанда, Темір тағының арқа тұсында аузынан айбар, көзінен зәр шашқан жолбарыс терісі тұтасымен ілулі тұрады екен. Есіктен құлдық ұра қол қусырып ене берген кім-кім де қаһарлы да сұстан әміршінің алдына келгенше әрі жолбарыс айбатынан, әрі Темір тегеурінінен қаймығып, қалтырап, «әу» дегенше әл-ділінен айырылып тынады екен. 
Әмір Темірдің қайрат-күші мен айбат-мысы осындай болғанда жан дүниесі қандай екен деген сауал санаға салмақ салғандай болса, оны да айта кетелік. Әйгілі тарихшы- ғалым Хафиз Абрудың айтуынша ол сонау орта жасының өзінде-ақ түркі, араб, парсы тілдерін еркін меңгергенге ұқсайды, меңгеріп қана қоймай, өзі ұйымдастыруға мұрындық болған қайсыбір ғұлама-ғалымдардың жаһан ілімі жайындағы пікірталастарында оқыған-тоқығанынан да хабар беріп отырған. Бағдат пен Шираздың, Дели мен Алеппонның, Хорезм мен Исфаһанның небір дүлдүл шайырлары, жұлдызшы-жылнамашылары, ойшыл-пәлсапашылары қалаған уақытта Темір Сарайынан табылып, Сайыпқыранның да, Самарқанның да сән-салтанатын айдай әлемге айшықты еткен. Солардың бірі «Темірнама» дастанын жазған атақты ақын Ахмет Кермани мен Әмір Темір арасындағы сыйластық жарасымы жайында мынадай дерек бар. Сарай моншасында оңаша отырғанда Темір:
– Ахмет, айтшы, егер мені базарға апарып сатар болса, сен қаншаға алар едің? – депті тосыннан. 
– Бір басың әрі кеткенде 25 сарбаздан аспас еді, – депті ақын да өз кезегінде мүдірместен. 
– Ал кемер белдігімді қаншаға бағалар едің?
– Менің де ойлап тұрғаным – сен емес, сол кемер белдігің болып тұр ғой… 
Темірдің сәулет өнеріне айрықша көңіл бөлгендігін бүгінге жеткен таңғажайып ескерткіштеріне қарап әлем халқы танып отыр. Самарқандағы көне де жаңа ғажайып ғимараттар, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи маңғаз мешіті, басқа да кезінде көркімен көзді аулаған, бүгінде уақыт жаулаған, жер астына түскен небір құтханалар – Әмір Темір заманының қолтаңбасы бола алуымен айрықша айшықты, құнды. Самарқанның айнала-төңірегіндегі Шынар бағы, Ділхошы (Жан рахаты), Бейіш бағы, Жаңа бақ, Шымал бағы сияқты өністі, жемісті, саялы, аялы жұмақжайлар жөнінде бүгінде тек бірен-саран аңыз қалған… Әмір Темір 25 жасында Кеш (Шах рисабс) шаһарын биледі. Кейін Мәуераннахр аймағына әмірін жүргізіп, өзге елдерді өзіне қарата бастаған шағында туған қаласы – Кешті барынша гүлдендіруге әрекет жасаған. Тіпті, болашақ империяның астанасы етпек те ойында болған. Ақ сарайдың салынуы соның айғағы. Әйтсе де, бұл аймақ үшін Самарқанның жөні бөлек еді. Кезінде Ескендір Зұлқарнайынның көз құртын жеген, кейін Мәуераннахр астанасы – Афрасиаб атанған бұл жер, шынында да, бүкіл Темір империясының бас шаһары болуға әбден лайық еді. Самарқанда 1403-1404 жылдар аралығында болған Испания елшісі Дон Рюи Гонзалес де Клавихо сол кездің өзінде бұл шаһарда 150 мыңнан аса халық болғанын, оның қайталанбас сыр-сымбатын, сәулет-сәнін аузының суы құрып тамсана суреттейді. Жаһангердің өмірі мен жорық жолдарын бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Бұл жайында «Темір қағидаларын» айтпағанның өзінде бірнеше тарихи кітаптар дүниеге келген. Тарихшылар Низамуддин Шамийдің «Зафарнама», Хафизи Абрудың «Зубдат ат-тауарық», Шарафуддин Әли Иаздийдің «Зафарнама», Фасих Ахдам Хамафийдің «Му жмали Фасихи», Әбдіразақ Самарқандидің «Мат ла ас-садайи», Ибн Арабшахтың «Ажаиб ал-мақдур» сияқты тарихи шығармаларды өмірге келтіре отырып, сол кездің өзінде-ақ Теміртануға айтарлықтай үлестерін қосты. Әрқайсысының өз жазылу себебі бар. Қай-қайсысы да бірін-бірі толықтырумен аса құнды. Темірдің тегі мен әулеті хақындағы мәліметті Хафизи Абру «Зубдат ат-тауарықта» толықтыра, құптай түсетіндей әсер қалдырады. Онда былай делінеді: «Сұлтандар сұлтаны Әмір Темір көреген ибн әмір Тарағай-ноян ибн әмір Буркул, ибн әмір Иланыз-ноян ибн әмір Ийжыл-ноян ибн әмір Қара шор-ноян ибн әмір Сұғу-сишан (Шешен) ибн әмір Эрдамшы-ноян ибн әмір Қашулай — ноян ибн Тұманай хан ибн Байсұғырхан, ибн Қайдухан, ибн Дұтуманнихан, ибн Бұқахан, ибн Бөданшархан (Бұжын жархан) ибн Аланқуа (Күн нұры). 
Хафизи Абрудың жазуынша, шежіренің Әмір Сайыпқыран тармағы Шыңғысхан әулеттерінен Тұманай хан (Тұманахан) перзенттерінен бастап бөлінеді. Ондай жағдайда Қабыл хан Шыңғысханның үшінші атасы, ал оның бауыры (егіздің сыңары) Қажылай-ноян Әмір Темірдің сегізінші атасы болып шығады. Шыңғысхан өзінің екінші ұлы Шағатайды Түркістан мен Мауераннахр мемлекетіне билеуші ғып тағайындағанда, Темірдің бесінші атасы Қарашор-ноян оның әскербасшысы болған және «әмірлер әмірі» деген атаққа ие болған.
Қарашор ноянның алтыншы ұлы Ийжыл-ноян болғанда, одан тараған перзенттердің бірі Ийланғыз (Илан ғыз) еді. Одан да бірнеше ұл-қыз өсіп-өрген. Солардың бірі – Темірдің бабасы – Буркул-ноян. Ал оның екі ұлы болған. Біріншісі – Балта (қол жазбада анық емес), шамамен, екіншісі – Тарағай-ноян. Тарағай-ноянның төрт ұлы, екі қызы болған. Ұлдары – Әмір Темір, Суюргатмиш, Әлем шайх, Жегі-ноян; қыздары – Құтлұғ Түркан-аға, Шербиік-аға. Самарқандағы атақты Гөри-Әмір (Әмір қабыры) мазарындағы нефритке ойып жазылған жазуда да Әмір Темір әулетінің шежіресі былайша көрсетілген: «Әмір Темір көреген ибн әмір Тарағай ибн әмір Буркул ибн Илан ғыз ибн Ийжыл ибн әмір Қара шор-ноян ибн әмір Сұғу-шешен ибн әмір Эрдамшы-барлас ибн әмір Қажы ибн әмір Тұманай». Бұдан әрі қарай шежіре Шыңғысханмен жалғасады: «Шыңғысхан ибн әмір Ясугай-баһадүр ибн әмір Бұртан-баһадүр ибн әмір Қабылхан ибн әмір Тұманай ибн әмір Байсұнғұр ибн әмір Қайду ибн әмір Тутуманин (Дутумманин) ибн әмір Бұға ибн әмір Бұзұнжар; «Дутумманинхан», бұл асылзаданың атасының кім екені беймәлім, ал анасы — Аланқуа болған; аңыздың айтуынша, нұрдан жаралып, Алланың құлы Әли ибн Әбутәліп әулетінен тараған».
Иә, қаншама ұлы, атақты, даңқты болғанымен Әмір Темір де дүниеден озды. Оны кезінде өзі де әдемі мойындап кетіпті: «Шын патшаның құзырына Уақыт қана бағынбас. Өйткені ол – Адамның ұлы, Құдайдың құлы. Жаратушы ием маған да сондай тағдыр сыйлаған. Қарамағымдағы халық қармағымдағы балық емес. Қарызым да, парызым да, әмірім де, өмірім де сол пенделердің пешенесіне жазылған. Қиямет қайым күні солардың тым болмаса біреуінің етегіме жармасып қайыр тілеп, қарғыс айтып қалмай қойғанын қаламас едім…».

Исраил САПАРБАЙ

0 комментария

Оставить комментарий: