Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

БӨЛЕГЕН АТА

  • 18.11.2018, 10:25
  • 0
  • 44
  • 0

– Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. 
– Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім.
– Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім. 
– Ауылға барған сайын күн шықпай тұрып аламын. Біздің ауыл таудың етегінде. Таудың ауасы таза болғандықтан, ұйқың тез қанады. Ұйқыдан тұра салып, ауыл көшелерін аралаймын. Бала күнімде жазда белесебедіме мініп ап, ауылды ертелі-кеш бір шарлап шығатынмын. Ал қыста шаңғымен аралайтынмын. Көшелер со қалпы. Күн шықпай тұратындар некен-саяқ боп қапты. Олардың дені қарттар еді. Қарттардың қатары мол еді. Оқан бастаған ақ қалпақ киген шалдар ауылдың сәні ед. Оқан кәрия кеткенде ауылдан үлкен бір береке-бірлік кеткендей боп қап ед. Со кісінің ауылдан көшкеніне көп адам кәдімгідей мұңайды. Отырған жерде, жүрген жерде өз орны бар ақсақал ед, ақылшы еді. Көсем еді. Со көсем шал кеткен соң ауыл басиесінен айырылып қалғандай боған. Мен де жас босам да соны сезіндім. Өзгені қайдам, Оқан шалды өз басым ауылымыздың Абайына ұқсатушы ем. Түр-тұлғасы да, сөйлеген сөзі де маған солай көрінетін. Әлде Абайды көп оқып, жатқа білетін боған соң соған еліктей ме екен? Әйтеуір ауылымыздың үлкен-кішісі түгел сыйлайтын жаратылысы бөлек қария болатын. Көршіміз – Жұмақан қарт та өзінше қызық кісі еді. Қой кезектің  ел мойындаған бастығы. Білмейм, ақсақалдар өзара келісіп со кісіні тағайындады ма, әлде өзі жауапкершілікті мойнына ешкімнің жүктеуінсіз артып алды ма, әйтеуір қой өретін кезде де, өрістен келетін кезде де елден бұрын айғайлап со кісі жүреді. Ертең кімнің кезегі екенін де айтатын со кісі, біреудің қойы жоғалса, со табылғанша тыным таппайтын да со кісі.  Жұмақан атаның жоғары жағында тұратын Бөрібай атаның жүрісі қызық болатын. Таяғын беліне көлденең сап ап екі қолының қарымен алға тартып, кеудесін көтеріп сақалын шошайтып жүріп кеткенде ондай  жүріс ешкімде болмайтын. Біздің үйдің төмен жағынан «мал иесіне тартады» дегенді әдейі дәлелдемек боғандай кебеже қарын, қайқы бел кер биесінің омыртқасын майыстыра мініп, Нүртәліп аға шығады. О кісіні «аға» дейтінім – менің әкеммен қарайлас. Ал мен әкемді «аға» деймін. Нүртәліп аға шешендігімен, шежірешілдігімен есімде қапты. Қашан көрсең қалың шалдың ортасында шежіре тарқатып отыратын.  Ал енді бар ғой, ешкіммен шаруасы жоқ, есегін ерттеп мініп, қойдың алдынан шығатын Жылгелді ата да өзінше қайталанбас адамның бірі еді. Жоғары көшеден қолындағы тасын итке лақтырайын деп келе жатқандай жантайып ап Байжұма аға шығады.  Әкемнің құрдасы-ау деймін. Шымшып сөйлейтін.  Соғыстың кесірі болса керек, жантайып жүретіні. Өмір бойы бұғалтыр боған. Қолтығынан қара папкы, ағаш шот түспейтін. Бір қолында таяғы бар, жаймен басып канторына кетіп бара жатады.  Көше аралап,  со кәриалардың үйлерінің тұсынан өткенде бәріне арнайы  бұрылып сәлем беруші ем. Бірден танитындары сәлемнен соң атамды, әжемді, әкемді, шешемді аузына ап, жылы сөзін айтады. Танымай қалатындары да бар. Шағын ауылда күнде араласып жүргенде көрмейді емес, көреді ғой. Күні кеше сырттан келген емессің, со ауылдың топырағынан жаралдың. Оның өзі де мен көзімді ашқалы бар адам. Сонда да біле тұра әдейі сұрайды-ау деймін. «Салаумалейкум!» – десең, дауысын соза: «Уааағаалааайкумассалаам, молда бол! Кім балассың, ей?» – дейді. «Ұмытып қалған ба, кеше ғана қойдың алдынан бірге шығып ек қой, сонда сұрап еді ғой», – деймін.  «Шал адам ғой, ұмытса ұмытқан шығар» деймін де сұрағына жауап берем. Ауылдың үлкен адамына мұндай сұрақ қойғанда әуелі атаңның атын айтуың керек. Бала күнімде біздің үйдің жоғары жағында тұратын, соғыстан бір аяғын кестіріп келген, үлкен мұрнының астындағы әппақ мұрты салбырап, иегіндегі сақалы айдаладағы жалғыз түп ши секілді шошайған, селдіреген, дәу денелі, қараторы реңді Бірімқұл ақсақал дәл осы сұрақты қойғанда,  атамның «өтірік айтпа» деген сөзі есіме түсе ғап,  «әкемнің баласымын» дегем. Қасқа құлынын ерткен жирен биесінің үстінде тұрып сабы қысқа, таспасы ұзын қамшысымен: «Ұий, көргенсіз қызталақ! Атаңның атын бірінші неге айтпайсың!?» – деп бір салғаны. Содан миымда сақталып қапты. Бір қария: «Кім баласысың?» – деп сұраса, бірден «атамның» дейм. Анау: «Атаңның аты кім?» –  дейді. Аузымды толтырып тұрып:
– Сабырбек, – деймін. 
Одан кейінгі сұрақ белгілі: «Атаң кімнің баласы?» – дейді. 
– Рысқұл, – дейм.
– Рысқұл кімнің баласы?
– Қожагелдінің...
– Қожагелді кімнің баласы?
– Мәнжінің...
– Мәнжі кімнің баласы?
Дәл осы сұраққа келгенде мүдірем. «Өтеп-Балта екі бөлек адам ба, әлде бір адамның есімі ме?»  Мұндайда кідіруге болмайды. 
– Өтеп... Балта ... – деп қатарлата айтам.
– О кімнің баласы?
– Шитемірдің...
–  Шитемір кімнің баласы?
– Сарының...
Осылай жеті атаға жеткенше сұрап, тегіңді білгенше тынбайды. Білмей мүдірсең, сөйлеспейді. Сен ұялып жөніңе кетесің. Кетіп бара жатсаң: «Атаңнан, әке-шешеңнен сұрап ал. Иййй, жеті атасын білмейтін жетесіз неме», – деп желкеңе ащы тілін сұғып жібереді. «Сол кәриялардан кімдер қалды екен?» деп келе жатқанымда қорасынан сары сиырын жетелеп сыртқа шығарып жатқан Бөлеген шалды көріп қалдым. Кілт бұрылып со кісіге барып салам бердім. Бұ кісі көненің сөзін өте көп біледі.  Адам Ата – Хауа Анадан бастап, «Мың бір түнмен» жалғап, өзіңнің ататегіңе тоқтап, өзінің жөнін айтып, құлағыңның құрышын қандырады. Бөлеген атаны ауылда бәрі сыйлайды. Өзі де бір өте кішіпейіл, көпшіл адам. Ешкімді жатырқамайды. Сұңғыла, жады мықты. Көргенін де, естігенін де есінен шығармайды. Меніңше, баяғы Оқан қариядан кейін ауылда  көненің сөзі мен жөнін білетін шалдан осы кісі ғана қалды-ау дейм. Жөн сұрастық. Мені бірден танып, тыңдаушысын тапқандай іле әңгімеге көшті. Өзі сиырын шөп салынған ақырға байлап жатыр.
 – Мен саған көнеден келе жатқан бір аңыз айтайын, – деді. 
– Айтыңыз, – дедім. «Іздегенге сұраған» боған соң, күткенім де сол еді. Бөлеген ата әңгімесін қашаға сүйеніп тұрып бастап кетті:
– Баяғыда мен сияқты бір шалдың жалғыз ұлы бопты, – деп бастады да кілт кідіріп, Шөладырдың шығыс жағындағы қырқадан енді-енді сығалап келе жатқан күнге қарап ойланып қалды. Сонсоң: «Бүгін күн ашық, жылы болады, күн нұры аспанды түре шығып келеді», – деді де, маған қарады. Мен маған неге қарады деп тұрмын. Сонсоң: «Осы сенің әкең де жалғыз туған, ә? Жалғызды құдай жақтайды. Ол жалғыз боғанмен, оның артынан ерген ұрпақтары – сендер жалқы емессіңдер» – деп кері бұрылып қораға беттеді. Басталған әңгіменің жалғасын күтіп мен қалдым. Қалдым да ойландым. «Осы Бөлеген атамның баласы – Ыдырыс жалғыз емес пе осы?» – деп өз сұрағыма өзім жауап таппай тұрғанда қоңыр сиырын соңына ертіп Бөлеген ата шығып келе жатты қорадан. Қоңыр сиыры елгезек екен, жаңағы сары сиырдай сүйретілмей аяғын жылдам басып кеп, ақырдағы шөпке бірден бас қойды. Мен әлі қашаның сыртында тұрмын. «Кір» деген  кәрия жоқ. «Кірсем» деп тұрған мен де жоқ. Бөлеген ата сиырды ұзақ байлап жүріп алды. Не ойлап жүр, білмеймін. Айтайын деген әңгімесін ұмытып қалды ма дейін десем, ондай ұмытшақтығы жоқ болатын.  «Жалғыз» деген сөз жанына батып, жүрегін жаншып кетті ме деп те ойлап қоямын. «Өзі де жалғыз ба екен атадан», – деп  те ойлаймын. Бірақ, өйтетін болса, жалғыздық туралы әңгімені неге бастады деп те тұрмын. Мен асыққанмен, Бөлеген ата асыққан жоқ. Мұртын бас бармағы мен сұқ саусағының ұшымен қысып, шиырып, шиырып ап маған беттеп келе жатып, әңгімесін әрі жалғады. Сөйлеп тұрып, суланған көзін беторамалын алып сүртіп те үлгүрді.
– Сол жалғызым үйленсе деген үмітпен дүниені  аямай-ақ жиыпты. Бірақ, бала үйленбепті. Өмірінің соңғы сәтінде әлгі ұлын жанына шақырып ап: – «Саған айтатын үш өсиетім бар. Мұқият тыңдап, жадыңда сақтап қал да бұлжытпай орында», – дейді. «Иә, құлағым сенде, әке», – дейді ұл. 
Шал ұлына былай деп өсиет айтады: – Бірінші айтарым – үйлөн. Айына, аптасына демейін, жылына бір рет үйлөн. Бұл – бірінші өсүйөтүм. Екінші өсүйөтүм – әр ауылдан үй сал. «Саған деп жиған дүние жетеді. Үшінші өсүйөтүм – не үйлөнгөннөн, не үй салғаннан дәнеме шығара алмасаң,  мына аулаға ат басындай алтын көміп қойдым. Соны тауып ал да өмүрүң біткенше талшығ ет», – деп көз жұмады. Жалғыз ұл мұсылмандық парыздың бәрін өтөп болған соң – жетілігін, қырқын, жылын жақсылап өткүзүп, әкесінің өсиөтүн орындауға кіріседі.  Бір қатын алады. Оны шығарады. Екінші қатын алады. Оны шығарады. Үшүншү рет тағы үйлөнөдү. Оны да қуып шығады. Сонымен қоймай әкенің жиған дәулетін жұмсап, екі-үш ауылға даңғыратып үй салып та тастайды. Дүние түгөсүлөдү. Не қатын жоқ, не басында үй жоқ, жігіт қара шаңыраққа оралып, әлгі әкесі «көмдім» деген алтынды іздейді. Бір гүн іздейді, екі гүн іздейді. Ана жерін бір шұқиды, мына жерін бір шұқиды, таппайды. Әр жерді бір шұқығанды қойып бір сүйем қалдырмай топырақты жаппай аудара бастайды. Неше жыл қараусыз қалған ауланы жабайы шөп шым қылып тастаған. Алтын оған қарата ма, жігіт білек сыбанып, бел шеше гіріседі. Ауылдастар аң-таң. «Бәленшенің ұлы мезгілсіз уақытта жер қазып жатыр» деп сөз шығарады. Қазақ бейуақ жер қазбайды, жер шұқымайды ғой. Бір күн өтөдү. Алтын жоқ. Екінші күн қазады. Алтын жоқ. Үшүншү күн қазады, алтын жоқ. Әбден діңкелейді. Ашуы басына шабады. Ашуланған сайын ерегісе қимылдап ауланы түгөл қопарып тастайды. Бәрібір алтынды таппайды. Сүле-сопа отырса, ауылдың бір қариясы өтүп бара жатып сұрайды: «Қарағым, осы сен жоғалып кетіп е-ең. «Ат айланып қазығын табар» деген. Оралғаның жөн болға-ан. Ал енді мына мезгілсіз уақытта топырақ қопарып алпарысқаныңа жөн болсын. Не жоғалттың?» – дейді. Сонда жігіт қарсы сұрақ қойыпты:
– Ата, айтыңызшы, өтүрүк өсиөт бола ма?
– Тәйт, қарағым. Өсиөтке тіл тигізбе, кепиеті тиеді. Өсиет өтүрүк айтылмайды! – дейді. Сонда жігіт: 
   – Олай болса, менің әкем бір емес, айтқан өсиетінің үшеуі де өтүрүк боп шықты, – дейді. Шал: 
– Әкең сұңғыла  қария еді. Саған не деп өсиет айтып ед? – деп сұрайды. Сонда жігіт: «Бірінші өсүйөтүм – үйлөн. Жылына бір рет үйлөн», – деді. Өзіңіз білесіз, бір емес үш рет үйлөндүм. «Екінші өсүйөтүм – әр ауылдан үй сал», – деді. Үш-төрт ауылға барып үй салдым. «Үшүншү өсүйөтүм – мына аулаға ат басындай алтын көміп қойдұм. Соны тауып алып азық ет», – деді. Қане, сондағы алтыны? Қып-қызыл өтүрүк қой!» – деп ашуланыпты. Сонда бәрін зейін қоя тыңдап болған шал мырс-мырс күлүп: 
– Балам, әкеңнің астарлап айтқан өсиөтүн дұрыс түсүнбепсің. «Жылына бір рет үйлөн» дегені – үйлөнгөн соң шыны-аяқ сыңғырламай тұрмайды, әйеліңмен ертең ерте ұрсысып қалсаң, кешке жақын татулас, кешке ұрсысып қалсаң, ертең ерте татулас, сенің әр татуласқаның – қайта үйлөнгөнүң. «Әйеліңмен тату бол» дегені ғой. «Әр ауылдан үй сал» дегені – әр ауылдан өзіңді сыйлайтын дос тап. Досыңның үйі өзіңнің үйіңнен кем емес. «Не қатын алғаннан, не дос тапқаннан дәнеңе шығара алмасаң, ауладағы алтынды тауып алып талшық ет» дегені – аулаға астық ек. Астық алтыннан қымбат. Соны өміріңнің соңына дейін талшық ет» дегені ғой», – деп тоқтапты. Сонда ғана мәселенің мәнін түсінген жігіт: «Әкең өлсе, өлсін, әкеңді көрген өлмесін» деген осы екен деп өмірін қайта бастапты, шырағым», – деп Бөлеген ата бұрылды да қорасына беттеді. Мен қоштасып бұрыла бергенімде: 
– Қайда асықтың, қарағым, таңғы нәсіп тәңірден», «таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама» деген, сәлем бере келіпсің, сәлемші болсаң, төрге шық, «Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар, кісі болмас кісінің кісіменен несі бар» деген, «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас», батамды ал, – деді. 
Мен үйге кірсем, апамыз дастарқанды жайнатып тастапты. 
– Кәзіргінің қатындары самаурынға шоқ салмайды, төк салады. Сөйтіп, кәрі сүйек, жас көңілге от салады, – деп рахаттана күліп Бөлеген ата төрге шығып алып малдас құрып жайғасты да  дастарқанға ықылас жасады, аруақтарға Құран бағыштады. Содан соң барып «бисмилла» деп қолын созып, наннан бір үзіп өзі алып, бір үзіп маған берді...

Менің әңгімемді ұйып тыңдап отырған жолдасым үнсіз. Мен сөзімді қысқарттым. «Бұл оқиға өткелі де бірнеше жылдың қарасы болды. Қазір ауылға барсам, Бөлеген ата да жоқ. Бәрі келмеске кеткен. Солармен бірге шежіре сұрау, әңгіме айтып беру де көрге көмілгендей. Тіпті, әңгіме, шежіре  тұрмақ, қарапайым жөн сұрайтын қария да таппай қиналам...

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің  деканы,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

0 комментария

Оставить комментарий: