Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Тасбақаның көз жасы

  • 11.11.2018, 10:25
  • 0
  • 54
  • 0

Таң алдында әдетім бойынша теледидарды қоссам, алып тасбақаны көрсетіп жатыр екен. Жан-жануарлар туралы хабарларды жібермей көретін басым, қадалып отыра кеттім. Алып тасбақаның көзіне үймелеген түрлі-түсті көбелектер бірі қонып, бірі ұшады. Тележүргізуші қыздың: «Көбелектер тасбақаның көз жасын ішіп, өздеріне қажетті тұзды бойларына сіңіреді екен», - дегенін естігенде апамның бала кезімде айтқан әңгімесі есіме сап ете түсті.

Сегізінші сыныпқа көшкен кезім. Онда класс дейтінбіз. Жаздың аптап ыстығында Шежін жайлауына шықтым. Жайлау құлпырып тұр. Салқын самал жаныңды рахатқа бөлейді. Мен таңертең есік алдына шығып отыр едім, қанаттары көлбеңдеген көбелектер көз арбады. Жап-жақын жерде ұшып жүр. Әлгілерге қызыға қарап отырмын. Шешем сыртқа көрпелерін жайып жүрген.

– Апа, – дедім ойланып, - осы көбелектер немен қоректенеді, не жеп, не ішеді?

– Қайдан білейін, балам, олар тасбақаның көз жасын ішеді деп еститінмін бұрын. Бәлкім, аралар ұқсап гүлдің шырынымен қоректенетін болар. Оны неге сұрадың?

– Жәй, апа, ана көбелектерге қарап ойлағаным ғой.

– Ә, онда қарның ашып тұрған шығар, үйде саған қаймақ салып қойдым, нанмен жеп ал, – дегені дәл қазіргідей есімде. Баласының қашанда қамын ойлап жүретін қайран анашым.

Сонда деймін, апам сауатсыз адам еді. Кітап оқи алмайды, қазіргідей сайрап тұратын теледидар да әлі шықпаған кез. Бірақ маған «Мың бір түннен» көптеген ертегі айтып беретін. Апам бақилық болғаннан кейін дүкеннен көріп, «Мың бір түн» кітабының үш томдығын сатып алдым. Оқып отырып өзіме кішкентай күнімнен таныс, апамнан естіген ертегілерімді таныдым. Қаз-қалпында сайрап тұр. Бейне, мына кітапқа апамның айтуымен біреу көшіріп жазғандай. Сауаты жоқ шешем мұның бәрін қайдан білген?! Осыны кезінде сұрап алмағаныма өкінем. Әлде, сұрадым ба екен?! Есімде жоқ. Ал көбелек жайлы әңгімесі мынау. Бір кезде апамның айтқанын бүгін теледидардан естіп отырмын. Естіп отырып анамның зерделілігіне, білімділігіне тағы да таң қалдым. Бүгінгідей кітапханалар мен телебағдарламалар жоқ кезде қазақтың қайран аналары екен ғой балаларын түрлі әңгімелер мен әпсаналарға қанық етіп өсірген...

Анашым менің!

Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі

0 комментария

Оставить комментарий: