Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

БАЛАҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ЕРКЕЛЕТЕСІЗ?

  • 04.11.2018, 18:00
  • 0
  • 33
  • 0

 

  Жаһандану заманында "жаргон" сөздердің жан алқымнан алып, адам ныспысына да ауыз салғаны ақиқат. Тәп-тәуір төл сөзімізді түрлендіріп жеткізу сәнге айналғаны секем туғызады. Әлде, бұл артық қылам деп тыртық қылудың көрінісі ме? Бала тәрбиесіне баса көктеп кірген төркіні белгісіз тіркестерді жиі пайдаланатын ата-аналардың құлағына алтын сырға.

      Еңбектеген сәбиін етегіне орап, ертек айтатын аналардың қатары сиремек түгілі жоқ болып барады. Жолығысып қалса да, жөнді дүние ала алмайсың. Жоқ іздеп жүрген жолаушыдай, әр жартастың астын көтергенмен көңілдің көзі бітеулі. Көкжиекке сүңгіген дәстүрлі тәрбиеміз қайта бой көтерсе деп армандайсың осындайда. Мұны неге айтып отыр дерсіз. Бұрындары әжелеріміз батырлар жайлы аңыз-әңгімелер айтқанда намысымыз оянып, бала қиялымыз қамшы салдырмайтын. Тіпті, сол батырлардың атымен атап еркелеткенде толағайдай кеуделеніп, екі иығымызға екі кісі мінгендей еліріп кететінбіз. Тау көтерердей талаптанып, бәйге бермес жүйріктей жұлқынатынымыз жасырын емес. Қабанбайлап, Бөгенбайлап шақырғанда бөгеліп қалған жеріміз жоқ. Таусоғарға телісе топ бастап, тапсырған жұмысты түгесе тауысқанша ентігіміз бір басылмайтын.  

     Қазақ айтқыш-ақ. Айтқанда да майын тамызып айтады. Асыра мақтамайды, астам сөйлемейді. Тек тілін тауып, буға піскен тамақтай бабына келтіріп жеткізгенде тамырыңда қан тулап, арқаңа қанат біткендей күй кешесің. Сол күйдің әсерінен шыға алмай марқайып, масаттанатыны да мәлім. Бұлқынса бұлтқа жететіндей балалық шақтың қызығы өз алдына. 

      Жоғарыда айтылған сөзіміздің жоралғысы ретінде өткенге бір көз тастасақ. "Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым", – деп мәпелейтіні жайындағы мақал ел аузында. Сол сияқты аяулы аналарымыз да құрсағын жарып шыққан әрбір сәбиін асты-үстіне түсіп аялап, жүрегіне жақын атпен атайды. Азан шақырып қойылған есімі тек құжаттарда ғана айтылатын талай алыптарға уақыт куә. Мәселен, хакім Абайды алып қараңыз. Бұл Зере әжесінің сүйікті немересіне еркелетіп қойған есімі. Негізгі ныспысы – Ибраһим. Сондай-ақ Айғаным апамыз немересі Мұхаммедқанафияны бала күнінде Шоқан деп шақырған. Дегенмен Абай да, Шоқан да өте құнарлы, мағыналы, мәнді есімдер.  Мұнда Абай әжесінің абайын, яки бар ықылысын өзіне аудартқан бала болса, Шоқан шоқыдан туған сөз. Ол қол жеткен табыстың, жетістіктің шыңы немесе таулардың ең биік нүктесі саналады. Дәл сондай жағдай жыр дарабозы Жұматай Жақыпбаевтың да басынан өткен. Шешесі Жұмағұл-Шораны еркелетіп Жұматай деп атайды. Кейде ойынға беріліп, қайда жүргенінен көз жазып қалған анасы «Жүкәлайлап» шақырғаны сыбызғының күйіндей жылы естіледі. Бұл турасында профессор, сыншы Тұрсын Сыдықов «Жыр қағанының келбеті» атты еңбегінде жазады. Ақын да жырына арқау еткен. Иә ащы ішектей шұбатылған аттан гөрі айтуға ықшам, күміс қоңыраудай әуезді есім бергенінің еш айыбы жоқ. Бізді толғандыратыны бүгінгі ата-аналардың есім таңдаудағы есерлігі.  

     «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», – деген тәмсілді тура мағынасында түсінетін жандардың толғамы алаңдатады. Қазіргі әке-шешенің шешіміне шырмалған бала қылығынан баз кешесің. Сымбатты – Симоня, Мақпалды – Мапонай, Күнайды – Какося, Еңлікті – Екон, Алпамысты – Апош, Болатты – Бапон, Кененді – Куня деп атау рухани құлдыраудың алғышарты емес пе? Симоня, Мапонай деген жаргон сөздер қандай ұғымға ие. Бапон мен Апош ше?  Әлде солай атаса баласы бәйге бермейтіндей көріне ме? Болатты борға, алтынды жезге айналдырып, болашақ бет алған рухани кеңістікке бөгет орнатқандай болмаймыз ба? Түсініксіз һәм миға қонымсыз. Әсірелеп не қысқартып айтамға салып, адамға тән болмысын қысқартып алғандай. Еркелетудің де өз ебі бар. Оған қисынсыз лепестерді қыстырудың қажеті шамалы. Маймылға айтса болады мапося деп, себебі жануарлар да адам көңілінің өлшеміне қарай оның ығына жығылады.

      Қазақта не көп, сөз  көп. Сөз болғанда да  сүйекті, қорғасындай салмақты. Соның бірімен атап еркелетсеңіз балаңызда соған сай тұлға болатынына сенімім мол. Өскенше өбектей бергеннен келер пайда шамалы. Келешегін ойласаңыз тым әлпештей бермей, тәрбиенің тиімді тетігін табыңыз.

     Кейде ішкі эмоцияға беріліп, сезімді сөзбен жеткізе алмайтын сәттер болады. Ондайда сәбидің қылығына сүйсініп, ерінінен, қолынан тіпті табынына дейін шолпылдатып жатады. Жақсы көру осы екен деп, айға да күнге де теңеп аймалайды кеп. Әрине, кез келген ата-ананың туған перзентін қалай мәпелеуі өз құзырында. Әйткенмен әдет-ғұрыптан аттауға болмайды. Естеріңіз де болса, ұлт тәрбиесінде еркелетудің де ережесі жазылған. Оны қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы әңгімелеп берген-ді.

      – Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады», – деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. 

       Ал қыздарды керісінше, басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады, – дейді батыр атамыз. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар. Осыны тәптіштеп жеткізген батырдың айтқанын біріміз білсек, көбіміз естімеген де шығармыз. Расымен де еркелету мен еркеліктің де шегі бар. Кезінде әкелеріміз ойын баласы деп қарамай, сотанақты сабасына түсіріп, қалыпқа келтіретін. Бұзақылығын бетіне басып, екінші мәрте қайталамауды қадағалайтын. Қазір ұрлығын жасырып, еркелігін асырады.

     Осындайда Ұлы Абайдың «бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің», – деген сөзі ойға оралады. Балаңызды шектен тыс өбектегенмен, өмір өз бағасын береді. Қалағанын алып, айтқанын екі етпесеңіз ешнәрсенің нарқын да, парқын да бағамдамайды. Ол аз десеңіз, талапшыл болады. Ессіз еркелікті әдетке айналдырған бүлдіршін қыңырлыққа салынып, үнемі тәттіні дәметеді. Осы турасында қытай халқының «бір жылдық ғұмырың қалса, дәнді дақыл себіңіз, он жылдық ғұмырың болса, жеміс ағаштарын отырғыз, ал егер де бір ғасырлық өмірің болса, онда оны бала тәрбиелеуге арна» деуі заңдылық. Ал дана халқымыз «балаңды бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сыйла» деп нақтылай түседі. Бұл әсіре тентек сәбиді ауыздықтауға арналған тәмсілдердің бір парасы.

      Тақырыпқа тағы да тұздық болсын. Жоғарыда айтылған ата-аналар ағаттығын алдын алар деген оймен, «төрт түліктің балаларын еркелетуі» жайындағы өлеңге ойыссақ.

Қой сүйеді баласын «қоңырым» деп,

Ештеңені білмейтін «момыным» деп.

Сиыр сүйеді баласын «торпағым» деп

Қараңғыға баспаған «қорқағым» деп.

Ешкі сүйеді баласын «лағым» деп

Тастан-тасқа секірген «шұнағым» деп.

Түйе сүйеді баласын «боташым» деп

Жәудіреген көзіңнен «тоташым» деп.

Жылқы сүйеді баласын «құлыным» деп

Тұлпар болып жүгірер «жұрыным» деп.

     Тілге жеңіл тіркестер. Мектеп табалдырығын аттаған баланың жаттайтын алғашқы тақпақтарының бірі. Халық ауыз-әдебиетінен тараған жыр-шумақ. Шындыққа жанаспаса да сабақ боларлықтай дүние.

      Салмақтап көрсеңіз, бала тәрбиесінде басты назарға алатын құндылық оның есімі. Сол есімде ізгілік пен өнеге жатыр. Қазақ ат қойғанда сәбидің  келешегіне үміт, жүрер жолына бағыт берген. Оны әрлеймін деп перзентіңіздің болашағына балта шаппаңыз. Әрі ертеңгі күннің кескініне кір келтіріп алмасыңызға кім кепіл?

      P\S: Қой қозысын «қоңырым» деп тұрғанда, балаға «Куня, Апоня» дегеніміз күлкілі һәм ұят. Бабадан қалған зерлі сөздерді бұрмалап, буынын өзгерткеннен ұтарымыз жоқ. Еркелетудегі ең әдемі сөз – ананың «айналайыны». Ол ақылдың ақуызы, тәрбиенің тамыры. Осы сөзден қуат алып, айға ұшқан алыптарымыз қаншама?! Баламызды жөнімен еркелетіп, болашаққа дұрыс бағыт-бағдар сілтей білейік дегіміз келеді.

Мұхтар КҮМІСБЕК

 

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал

  • 18.11.2018, 10:25

    БӨЛЕГЕН АТА

    – Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. – Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім. – Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім.

    • 0
    • 18
    • 0
  • 18.11.2018, 10:28

    ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

    Үй іші. Отағасы домбыраға қосылып «Майдақоңырды» айтып отырады: Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында Шырқаған Ақан сері Майдақоңыр…

    • 0
    • 18
    • 0
Все популярные