Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

БАЛАМ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ...

  • 02.10.2018, 20:58
  • 0
  • 34
  • 0

 

Таза ауа мен күн шуағы баланың өсуіне, ойлау қабілетінің артуына және иммунитетінің күшейуіне ерекше әсер ететіндігін ескеріп, күнделікті серуенді әдетке айналдырдық. Бірақ айтар әңгіме бұл төңіректе емес.

Қызымды киіндіріп, сыртқа шықтық. Аулада алаңсыз ойнап жүрген топ-топ бүлдіршін. Бірін анасы, енді бірін ата-әжесі жетектеген. Салқын желдің ескені болмаса, ауа райы да ойын мен серуенге қолайлы-ақ. Біз де қалыспай осы топтың қатарына қосылдық. Өзінен ересек балалардың ойынына таңырқай қараған қызым былдырлаған тәтті тілімен дауыстап үн қатып қояды. Мұны байқаған олар кішкентай деп қамқорлық танытып, қолдарындағы бар ойыншығын ұсынып әлек. Балалардың бір-біріне деген бауырмалдығына қарап отырып іштей өзім ризамын.

Алайда халқымызда: «Бала жаңа шыққан жас шыбық секілді, қалай баптасаңсолай өседі», – деген нақыл бар. Сондықтан қашанда бала тәрбиесінің бастауы отбасында екендігін ұмытпаған абзал.  Яғни, үйдегі қарым-қатынас баланың ертеңгі жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына тікелей әсер етпек. Бұлай деуіме аулада орын алған келеңсіз жағдайға куә болуым себеп. Сонымен... 

Балалар бағанағыша ойын үстінде. Бір сәтте аулаға жүк тиелген үлкен көлік енді. Ішінде келіншегі мен балалары бар. Жүргізуші есік алдына неғұрлым жақын тоқтап, тиелген жүкті үйге тасуға ыңғайлы болсын деген ойда, шамасы. Сол сәтте түсініксіз жайт орын алды. Тіпті, оқиғаны біз де бағамдап үлгермей қалдық. Жүк көлігінің жүргізушісі мен тосыннан екілене ұмтылған тағы бір еркек ерегесе кетті. Ол аздай, тосыннан жағасына жармасқан бойшаң жігіт жүк көлігінің иесін желкелеп, өз машинасына салды да, алып кетті. Сәлден соң үйден үш-төрт жасар баласын жетектеген ауыр аяқ келіншек шықты. Сол-ақ екен, отағасының артынан қайда кеткенін түсінбей, есі кіріп қалған екі баласымен дал болып тұрған жары жаңағы әйелдің жағасына жармаса жөнелді:

– Сенің байың менің байымды... – деп бастаған айқайы жан түршіктіреді. Екіншісі де қайтар емес, қазақша-орысшасын араластыра сөйлеп, бет жыртысып жатыр. Боқауыз сөздерінің арасында: «Я не буду тут стоять и ругаться с таким колхозницей», – дейді.

Араша түссең өзіңді жерден алып, жерге салуға бар. Аулада жасы үлкен ер адамдар да отыр. Олардың да батылы барып қой деуге шамалары жоқ. Ер-азаматты ерекше сыйлайтын халқымыздың келіншектері олардан қымсынатын да емес. Қарап тұрып шарасыздықтан жүрек сыздады. Жетектеген бүлдіршінін былай қойғанда, анасының боқауыз сөзі мен айқайын құрсақтағы нәресте де естігені анық. Тәрбие бала құстақта жатқанан-ақ басталады демейтін ба еді?! 

Жанжалдың бәрі жүк тиеген көлік жүргізушісі аула ішінде ауыр аяқ келіншекке жол бермей өтіп, ол оны отағасына айтып барғанынан басталған көрінеді. Бірақ біз үшін орын алған жайт мазмұнының еш маңызы жоқ. Тек қос ананың өз балаларының, сондай-ақ, аулада ойнап жүрген өзге бүлдіршіндердің көзінше бет жыртысып, балағаттасқаны аса ұятты болды. Олардың үлкендерден көргенін қайталамасына кім кепіл?! Аталмыш оқиға ұлттық тәрбие тамырына шабылған балтадай көрінді маған.


Бір ғана «колхозница» сөзі баланың сана-сезімін улап, жұрттың бәрін тең көрмей, бай мен кедейге бөлуге шақырып тұрғандай. Эмоциялары мен боқауыз сөздерін көрсетіп жазу тіптен ұят.

Өзің үшін емес, ұрпағыңның келешегіне алаңдайсың. Үйде тәрбиеге ерекше көңіл бөліп отырғаныңмен, замандастары қандай болады деген ой мазалайды. Себебі, қазір ердің, баланың көзінше боқтай салатын, сәл байқаусыз қағып кетсең, жағадан алуға дайын тұратын ашушаң қыз-келіншектер көп. Көшеге, ауруханаға, базарға шықсаң, автобусқа мінсең, осы секілді жайттарға жиі куә болып, түңіліп қайтасың. Қоғамдық жерлерде бірін-бірі әйел, ана деп сыйлап, орын беру өз алдына жоғалып барады. Ер-азаматтарымыз да әйелдерге құрмет көрсетуге ерінетіндей.

Мұның бәрін тізбектеп неге айтып отыр дейсіз ғой тағы?! Себебі, келешек ұрпақ бүгінгі ата-әже, ата-анасы мен аға-әпкелеріне қарап бой түзейді. Ал саналы, салиқалы, көркем мінезді ұрпақ сүю – әркімнің арманы. Оны тек алдағы буын өкілдері үлгі-өнегесімен тәрбиелеп шығаратындығын ескерер болсақ, кез-келген жерде әр ісіміз бен сөзімізге сақ болуымыз қажет. Өйткені, отбасындағы тәрбие мен қоғамдағы көрініс қатар жүреді. Бала көргенін істейді деген бар. Ұлттың келешегі үшін «өз баламды тәрбиелеп отырмын болды» деген түсініктен қашып, «өзгенің баласына зияным тиіп кетпесін» дегенді де ойлана жүрген артық болмас.  

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал

  • 18.11.2018, 10:25

    БӨЛЕГЕН АТА

    – Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. – Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім. – Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім.

    • 0
    • 18
    • 0
  • 18.11.2018, 10:28

    ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

    Үй іші. Отағасы домбыраға қосылып «Майдақоңырды» айтып отырады: Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында Шырқаған Ақан сері Майдақоңыр…

    • 0
    • 18
    • 0
Все популярные