Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Бал тамған тілден

  • 06.06.2018, 12:56
  • 0
  • 26
  • 0

 

 Қазақ не айтса да қабыл болып, мәнді істі маржан сөзбен-ақ бітірген. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болғанын көзіңмен көргенде, иланбасқа шараң жоқ. Ана тіліміздің құндылығы да осы құдіретте жатқан болар, бәлкім.  Бірақ айтылар сөздің жақсысы да, жаманы да болмақ. Қазақ жақсылық істеген адамдарға алғыс айтып мақтайтын, жауыз адамдарға жамандығын жаудырып, қарғыс арнайтын. Ал қазіргі таңда ақ пен қараның айтылар орны қалай? Алғыс ақ тілегін ақтарып, сұлу сөзден сарай соқса, артынша  қарғыс нәлет айтып, у сөзбен өлтіре бастайтындар да біршама.

Таза, мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза, мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

 

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.

 

Асанқайғы.

Ербол өмірге ерекше құштар. Білімге деген ынтасы биік. Дос­-жарандарына сыйлы, айналасынан көмегін аямайтын кеңпейілді бала. Ол әжесінің «Ерболым, жаңа шыққан күндей бол, жарқыраған айдай бол! – деген тәтті дауысымен таңды бастайды. «Құлыным, таудай табысты бол», – деп анасының ақ батасын алып мектепке аттанады. Жылы сөзбен жаны нұрланған бала кешкісін бестік бағамен оралады. Әкесі ұлын құшағына қатты қысып, еркелетіп, мақтанады. Ыстық ықыластың ортасында жүрген баланың еңсесі биіктеп, мейірімі арта түскен.  Ал Ерболдың досы Жанаттың үйінде бәрі керісінше. Атасы мен әжесі өмірден өткелі бұл бала мейірімге қанбағандай. Әкесі мен шешесі тым қатал қарайды. Досы секілді еркін жүріп, тұра алмайды. Жылы сөз естімегелі бірнеше жылдың жүзі болған. Көңілі көлеңкеде қалған баланың өмірге деген құлшынысы да құлдилай түскен. Ерболға ілесіп, оқығысы келеді бірақ мектепке аттанарда, сүйегіне қадалған анасының тіл тікенінен тік жүре алмай, еңсесі түскен. “Жетпей желкең қиылғыр жылдамдатпайсың ба?! Тағы да кешігетін болдың», – деген сөз Жанаттың жанын түйреп барады. Бал тілден сөз естімеген бала қайдан бес алсын. Төрттік пен үйіне оралғанда әкесінен еститіні ана Ерболға қара, сол құрлы болмадың ба? Түк білмейсің ғой.  Кеудеңді қара тас басып, көрсоқыр болсаңшы оданда», – деп нәлет жаудырғанда әкесіне еркелейін деген Жанат тығыларға тесік таба алмай, тіл уынан тірідей өледі. Мейірім жетпеген балада жеккөрушілік сезімі пайда болады. Жақсы оқуға қанша тырысқанымен қарғыс күшінің қарқыны артып, баланы баса береді.

Жақсылықпен құттықтап, жаңалықпен бөлісу, қазаға көңіл айту халқымыздың ежелден сақталған әдет-ғұрпы. Жолаушыны жақсы сөзбен күтіп алып, кетерінде сәтті сапар тілеп шығарып салу да қанымызға сіңген салтымыз. Міне, осы жайттарда жақсы сөзін аямаған бабаларымыз тілектес сөзге төр берген. Бата-тілектердің өзі елдің үміті мен болашаққа деген сенімін арттырып, жарқын жол көрсетіп отырған.  Адамның жақсы-жаман болуы мен өмірін мәнді де сәнді құруы қашан да көңіліне байланысты. Кейбірі көтеріңкі көңілмен көкке өрлеп жатса, еңсесі түскендер еңіске тартыла бермек. «Адамның көңілі, бір атым насыбайдан қалады» демекші, көңіл өте нәзік те жұмсақ жаратылыс.  Соны көтеретін де түсіретін де адамдар арасындағы арақатынас. Көңілі биік жан қашанда жанындағыларды да шуаққа бөлеп, өзі шаттықта жүреді. Жүзі жылы, жүрегі жұмсақ жан жақсылыққа жетіп, жаны рахатқа бөленері сөзсіз. Ондай адамдар ізгілік жасаудан да жалықпайды. Ал жақсылықтың жауабы алғыс. Алғыс алған адамның төрт дүниесі түгел, өмірі бақты, тілегі тәтті болады. Жүзі бал-бұл жайнап, өмірге құштарлығы арта түседі.  Кез келген адам үшін де ең үлкен мерей халықтың алғысына бөленіп, қарттардың батасына кенелу. Алғыс игі іс атқарған адамға деген ерекше қатынаста айтылады. Жақсылық істеген жанға ризашылық білдіріп, ырыс-берекесінің артуын тілеу. Міне, осылай жақсы сөзбен жан жылытқаннан өзге рахат та жоқ шығар. Бір жүректің екіншісіне деген ыстық ықыласы арқылы адамның жігері көтеріліп, рухы арта түседі.

Ал ең жаманы қарғысқа ұшырап, қара жолда қалу.  Осы бір нәлеттің адам рухын солдырып, құштарлығын құртып қана қоймай, өмірден түңілдіретіні тағы бар. Адам жанының жадырап жаз болуы да, құлдырап қыс болуы да осы ақ пен қараға бай­­ланыс­ты. Алғыс пен қарғыстың тигізетін әсері өте зор. Құрмет алған адам жаны рахаттанып, жабырқауды ұмытып, көңілі жайланады. Дәрігерлердің бірауыз сұлу сөзінен жаны нұрланып, дертінен айыққандарды да көріп жүрміз. Халқымыз қарғысты орынсыз қолданбаған. Бес саусақ бірдей емес, тура жолдан тайқып, арамдықты алдына шығарып, алаяқ атанып елдің наласына қалатындарға күйінген кезде «Тұқымың жойылғыр» – деп ашуын айтқан. Қазіргі қоғамда адам жүйке жүйесінің тым жұқа екендігі айтпаса да белгілі. Міне, осындай кезеңде елдің бәрі ашуға бой алдырып, тірлік үшін тартысып, күн санап небір сұмдықтың артып жатқаны да жасырын емес. Ісінің реті келмей, қиналысқа түсіп жан-жағындағыларды жайпап, қарғап-сілеп жататындар да аз емес. Бұл бүгінде екінің бірінде кездесетін жайт болып тұр. Жамандықтан жанымызды аулақ ұстайықшы. Болмашы бір жағдайға бола, біреуге бақытсыздық тілегеніміз білместігіміздің белгісі. Білімнің төмендігі. Қара жамылған қарғыс­ты қолданбайтын жеріміз жоқ. Түсінейік қарғыстың аты қашанда қарғыс, қаһарына ұшыратпай қоймайды. Сөйлер сөзімізді саралап, ойланып айтқанымыз жөн болар. Күнделікті өмір күйбеңімен қанша адамды қорлап жатқанымызды өзіміз де байқамай қаламыз. Нәлет жауып қорлағанның кесірінен, өзіңнің сорламасыңа кім кепіл? «Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін қабар» демекші, өзіңнің жамандыққа ұшырауың да өте ықтимал. Ештеңе етпес демей, ебін тауып сөйлей білейік.  Бұл жайттар пенде болған соң болады, әрине, бірақ байыбына барып айтылған сөз алғысқа апарары ақиқат. Өкінішке орай бойымыздан шыдамсыздық мықтап тұрып орын алған. Сабырсыздыққа сене бермей, көзсіз ере бермей оянғанымыз жөн. Осының кесірінен күнәнің үстіне күнә жамап, ақ пейілді адамдарды, қарғысқа орап, жамандықтың жолын ұзартып жатамыз. Соңын күтсек бәріміздің болашағымыз баянды болады.  Ашуды ақылға жеңдіріп, қарғыс­тың орнын алғысқа толтырып, ақ жолмен жүргенге не жетсін?!  Бірден өзгені кінәлап, мінеп, сынамас бұрын өзімізге зер салайық, адамдығымыз жамандығымызды жеңе біле ме екен? Өзгені қинап, өкінішке қалып жататынымыз тек өз басымызды ойлағанымыздың кесірі. «Менікі дұрыс, ашығын айттым, мен білем», – деген сөздермен басқаның көңіліне сызат салып, жанын жаралап жатамыз. Бұл тек бетіне айтқанымыз, ал ішімізден дүлей дауыл тұрғызып, қарғап-сілеп жататынымыз, расымен қайғы құшып, жолы болмаған, қарғыс алған жан естіген ауыр сөздерді жадында мәңгіге кек қылып сақтап, сөз естіген адамынан қалыспай қарғыс тілеп, жаман көзқарас қалыптастырады. Міне, осыдан аулақ болып, бес күн жалғанда ешкімнің ала жібін аттамағанымыз жөн. Қарғыс айтып тұла бойымызды тітіркендіргенше, алғыс алып мерейімізді арттырайық.

Құралбек Сәбитов

 

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал

  • 18.11.2018, 10:25

    БӨЛЕГЕН АТА

    – Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. – Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім. – Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім.

    • 0
    • 18
    • 0
  • 18.11.2018, 10:28

    ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

    Үй іші. Отағасы домбыраға қосылып «Майдақоңырды» айтып отырады: Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында Шырқаған Ақан сері Майдақоңыр…

    • 0
    • 18
    • 0
Все популярные