Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Жапырақ

  • 25.05.2018, 0:00
  • 0
  • 14
  • 0

 (Ертегі)

Көктем келді. Қыс ызғары қайтып, жер бауыры жылыды.
Аққайың бұтақтарындағы өркендер де шетінен бүр жарып, жапырақ жаюда. Тек кенже бүршік қана асыға қоймады. Бірақ күннен-күнге жылуы күшейе түскен күн сәулесі қоя ма? Аймалап жүріп, оны да қауызын жарып шықпасына қоймады. Бойына жылу жүгіріп, есінеген бүршік кенет жарыққа шықты. Демде жасыл Жапыраққа айналды. Ол өзін қоршап тұрған мына дүниенің сұлулығын көріп қайран қалды. Қандай әдемі еді табиғат! Көк аспан ше?! Тап-таза, тұп-тұнық!
Жапырақ жан-жағына көзі тоймай қараумен болды. Құстардың сайраған үніне құлақ түрді. Өз бауырларымен бірге Аққайың ананың көркін келтіріп, самал желмен тербеле бақытты күй кешті.
Жаз бойы кейде ақ жауынға малынып, кейде аптап ыстыққа ұрынса да, ол мына өмірдің қызығына тоймады. Осылай жайқалып тұра беретініне кәміл сенді. Бір күні күн суыта бастады. Жапырақ бұрынғыдай емес, күннің жылуын аз сезетін болды. Жауын жауғаннан кейін біртүрлі бойы мұздады. Бауырлары да, көрші тал-теректің жапырақтары да сары, қоңыр, қызыл түске боянды. Аспанды жиі бұлт торлайтын болды. Аққайың анадан табиғаттың тосын өзгерісі жайлы сұрады ол бір күні.
– Балапаным, бұл табиғаттың заңы…– деп қысқа ғана қайырды ана.
Жерге сауылдап төгіліп жатқан басқа жапырақтарды көрген сайын көңілі құлазыды. Әсіресе күздің суық желі соққан күні ағаштар қатты жұтаң тартып, жүдеп қалатын. Осының бәрі көз алдында өтіп жатқан Жапырақ өзінің де бір күні үзіліп түсер сәті келерін іштей сезді, жылағысы келді. Жазды сағынды.
Бүгінгі соққан жел ерекше күшті болды. Кейбір ағаштар соңғы жапырақтарынан айырылып, жалаңаш күйінде қалды. Жапырақ та бұтақтан ажырағысы келмей қанша тырысса да, долы жел қаңбақ құрлы көрмей жұлып әкетті. Көзін тарс жұмып алып, ұйтқыған желмен айнала ұшып келіп, өзі ойлағандай суық жерге емес, жып-жылы бір сүйкімді алақанға қонды.
– Апа, апа! Қараңызшы, қандай әдемі жапырақ. Сап-сары алтын сияқты!– деді кішкене қыз артынша. Көзін кенет ашып алды.
Кішкене қыз – бірінші сыныпқа жаңа аяқ басқан Кәусар болатын. Апайы күзгі жапырақтарды жиып, дәптер арасына салып, кептіріп келуді тапсырған еді. Анасы екеуі сол тапсырманы орындауға бірге шығып, әртүрлі жапырақтар теріп жүрген-ді.
Кепкен жапырақтардан жасалған «Күзгі дала» жапсырмасы Кәусардың апайына ұнағаны сонша, оны көрмеге іліп қойды. Барлығы оған қызыға көз тастайды. Әсіресе, дәл ортасында тұрған Аққайыңның алтындай сары Жапырағы ерекше. Ол жан-жағын қаумалаған кішкентай оқушы ұл-қыздарға қуана қарап тұр.

Мира СЕМБАЙҚЫЗЫ

Қаражота ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы,
Алматы облысы.

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал

  • 18.11.2018, 10:25

    БӨЛЕГЕН АТА

    – Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. – Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім. – Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім.

    • 0
    • 18
    • 0
  • 18.11.2018, 10:28

    ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

    Үй іші. Отағасы домбыраға қосылып «Майдақоңырды» айтып отырады: Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында Шырқаған Ақан сері Майдақоңыр…

    • 0
    • 18
    • 0
Все популярные