Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Сабындар

  • 20.05.2018, 0:00
  • 0
  • 19
  • 0

 (Өлеңдер)

Жағасына көйлектің
Қонса тозаң, қонса құм,
Анам талай үйретті,
Кетіреді кірсабын.

Беті-қолын байқамай
Былғап алған болса кім,
Соның бәрін, қалқам-ай,
Кетіреді қолсабын.

Қоя тұрып басқаны,
Басын жумақ болса кім,
Қайызғақты шаштағы
Кетіреді сусабын.

КЕМЕ
Шығып қала шетіне,
Суға салсам кемені,
Ағын судың бетінде
Қалт-құлт етіп келеді.

Оның сырын кім білген?
Пәле болды желкені.
Аласұрған жынды жел
Тастады оны төңкеріп.

ТІЗГІНШІ
Тізгінші боп ойнадым,
Талай жанды тасыдым.
Болғаннан соң ойдағым,
Сыр қалмады жасырын.

Жолым болды қайда да,
Айтсам сөздің ашығын,
Пайдақор деп ойлама,
Бәрін тегін тасыдым.

ЖҰМЫРТҚА
Кімге қайсы тиімді,
Ұзақ қайнар омыртқа.
Жеген кезде жұғымды
Жеңіл тамақ – жұмыртқа.

Қуырсаң да баптап тым,
Пісірсең де ыңғайлы.
Құймақ құйсаң – тәп-тәтті,
Ел біледі бұл жайды.

ҮТІК
Өзіме қадірлі
Жуған соң жейдені,
Қолға алдым кәдімгі
Үтікті үйдегі.

Ерсілі-қарсылы
Жүрумен сабылды,
Жейдем де жаншылды,
Қыртысы жазылды.

ШАҢСОРҒЫШ
Ешуақыт болдырмай,
Қылған ісі бағалы.
Ешбір қиқым қалдырмай,
Тозаңды да сорады.

ЛИФТ
Мынау үйдің көкке, тегі,
Тұр төбесі тиіп те.
Лифт дереу көтереді
Елдің бәрін биікке.

Жас болған соң баспалдақпен
Көтерілер шамам бар.
Шықсам биік аспандап мен,
Қандай шебер адамдар?!

Салып алып бар кісіні,
Көтеретін жоғары,
Лифт деген – қарт, кішіні
Шаршатпаудың амалы.

АКВАПАРК
Келсең дағы қай күні,
Тәнді шайып сусебер,
Күтеді су айдыны,
Жүзгіш болғың келсе егер.

Талай қызық табылар,
Су кіргізбей ауызға,
Шомылады балалар
Шағын ғана хауызда.

Қарап тұрсаң таңырқап,
Келер сый көп тосыннан.
Атқылайды субұрқақ,
Парашюттей ашылған.

ЦИРК
Арена бар циркте
Ханшатырдай дөңгелек.
Акробат биікке
Бара жатыр өрмелеп.

Жонглерлер от ұстап,
Ойнағанда қақпақыл,
Айқайлайды дауыстап,
Тотықұста жоқ па ақыл?!

Дөңгеленсе ұршықтай
Көйлек киген маймылдар,
Болып қапты мысықтай
Жолбарыстар – тарғылдар.
Көз тартады алыстан
Шабандоздар шапқан ат.
Гимнаст қыздар майысқан
Құс секілді, жоқ қанат.

Сайқымазақ күлдірді,
Үлкен-кіші болар мәз.
Сегіз қырлы, бір сырлы
Циркте бар өнерпаз.

КІМ ОЗАДЫ?
Егер барып көрсеңіз,
Үй қояны – ең семіз.
Орқоянға алайда
Шыр бітпейді, сенсеңіз.

Жүгірсе олар алысқа,
Көріп тұрса ел мұны,
Кім озады жарыста?
Айтпаса да белгілі.

ТИЫН
Дүкенге жиі барсаң да,
Қылықты жаман істеме.
Қолыңа жиі алсаң да,
Ерінге тиын тістеме.

Болса да ойған мөрі көп,
Жұқпасын кірі бойға да,
Тиынның жүрмес жері жоқ,
Таза деп оны ойлама.

САҒЫМ
Көлбеңдеп тұратын
Көрдің бе сағымды?
Көсіліп ағатын
Өзендей кәдімгі.

Мөлдіреп тұрғанмен,
Су емес ағынды.
Жетпейсің қуғанмен,
Тауыспа сабырды.

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Қостанай қаласы.

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал

  • 18.11.2018, 10:25

    БӨЛЕГЕН АТА

    – Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. – Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім. – Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім.

    • 0
    • 18
    • 0
  • 18.11.2018, 10:28

    ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

    Үй іші. Отағасы домбыраға қосылып «Майдақоңырды» айтып отырады: Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында Шырқаған Ақан сері Майдақоңыр…

    • 0
    • 18
    • 0
Все популярные