Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Тарғыл мысық

  • 10.05.2018, 2:25
  • 0
  • 15
  • 0

 (Әңгіме)

Бұл Сайымжанның ауылға бірінші келгені еді. Кешікпей-ақ ол ауыл-үйдің сүйкімді қозы-лағымен, бұлаң құйрық ерке күшіктерімен оп-оңай достасып кетті.
Бір ғана тарғыл мысықпен Сайымжан-ның дәм-тұзы жараспай-ақ қойды. Еркелетейін деп жақындаса, көзі жап-жасыл боп шытынап, селдір, ұзын мұрты жыбыр-жыбыр етіп, айбат шегеді. Және өзі үнемі далада жүреді. Сайымжан бір рет оның кішкентай торғайды тістеп бара жатқанын көрді. Көрді де, шыбық алып тұра қуды. Мысық мұны көрісімен жоқ болып кетті.
Осыдан бір аптадай уақыт өткеннен кейін Сайымжан атасымен еріп, қырман басына барды. Орақ жаңа басталыпты.
Бидайдың сабағы тым биік. Атасының тура кеудесінен келеді. Дария толқынын-дай тербелген жалпақ бидайдың ішінде айқұш-ұйқыш жалғыз аяқ жіңішке жолдар бар екен. Сайымжан солардың біріне түсіп, қанаты торкөзденген әдемі көбелекті қуып кетті. Бір уақытта ол басын көтеріп, жоғары қарады. Күн кешкіріп қалған сияқты. Сайымжанның есіне әуелі қырманның ақ шатыры түсті. Ол қайда қалды? Жан-жағын қоршаған биік бидайдан басқа еш нәрсе көрінбеді. Комбайнның сатырлаған, дүрілдеген дыбысы да қай жақтан шығып жатқаны белгісіз.
– Ата! Ата, қайдасың?
Үн жоқ.
Сайымжанның есі шықты. «Адастым!» деді ол көзінің шарасы шығып. Жалғыз аяқ жолдардың қайсысына барып түссе де, баяғы бір жерінен шыға береді.


– Ата-а…– деді ол жұдырығымен көз жасын сүртіп. – Үйге қайтам!
– Бір уақытта дәл алдынан баяғы тарғыл мысық сыпсың етіп шыға келді. Кеше Сайымжан оны қораның ішінде ұстап алып, ұрған болатын. Мысық мұның қолын тырнап алып, қашып кеткен. Бұл енді мысық тағы тырнап алар ма екен деп қорқа бастады. Бірақ мысық құйрығын бұлғаңдатып, бұған қарап еркелеп тұрғандай. Ол Сайымжанға мияулап жақын келді. Бәтеңкесінің тұмсығын жалады. Сосын ілгері қарай жүгіріп, анадай жерге барды да, артына қарап тоқтай қалды.
Сайымжанды тосып тұрған сияқты.
Сайымжан қорықса да, қыбырлап мысықтың соңынан жүрді. Мысық бұл келгенше мияулап тоқтап тұрды да, қайтадан ілгері жүреді. Бір уақытта алыста ақ шатырдың төбесі көрінді.
– Алақай!– деді Сайымжан қуанғаннан секіріп кетіп.
– Балам, сен қайда жүрсің?– деді атасы, алдынан шыға келіп. Өзі мұны іздеп, қатты шаршаған болу керек. Самайынан тері сорғалап, сақалына тамшылап тұрды.
Сайымжан үндеген жоқ. Сығырайып күліп қана қойды.
Сайымжанның биыл бірінші сыныпқа оқуға баратын жылы еді. Ол тарғыл мысықты өзімен бірге қаладағы үйіне ала кетті. Екеуі әбден достасып алды.
Ол солай болуға тиіс. «Жақсылыққа жақсылық!» деген…

Рамазан ТОҚТАРОВ

 

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал

  • 18.11.2018, 10:25

    БӨЛЕГЕН АТА

    – Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. – Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім. – Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім.

    • 0
    • 18
    • 0
  • 18.11.2018, 10:28

    ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

    Үй іші. Отағасы домбыраға қосылып «Майдақоңырды» айтып отырады: Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында Шырқаған Ақан сері Майдақоңыр…

    • 0
    • 18
    • 0
Все популярные