Республикалық балалар
шығармашылығын қолдау орталығы

Бес саусағың – тірегің

  • 02.05.2018, 17:02
  • 0
  • 19
  • 0

(Өлеңдер)

БАС БАРМАҚ
Бірбеткей тым мінезі,
Шенді саусақ шын өзі.
Еш саусақ жоқ одан дүр,
Барлығына командир.

Төрт саусаққа бір қатар
Әрқашанда бұл қатал.
Міндеттері бәрінің –
Тыңдағаны әмірін.

Ұнатқанын мақтарда,
Бағалаған шақтарда,
Сонда өзін қасқайтып
Көрсетеді саспай тік…

СҰҚ САУСАҚ
Ал мынауың – сұқ саусақ,
Кезейтұғын сұқтансақ.
Зілмен, сілтеп шошайтып,
Жатпаған соң бос айтып,
«Бері кел»,– деп ымдайды,
Шақырғанға ол ыңғайлы…

ОРТАНҚОЛ
Ал мынауың – ортанқол,
Кенде емес бойдан ол.
Саусақтарда бойшаң сол,
«Ортанқолдай болсаң бол!..»
Мақтағаны екен де,
«Ортаңқолдай» дегенде…
Беделі оның жоғары,
Төмендеген жоқ әлі…

АТЫ ЖОҚ САУСАҚ
Мына саусақ – аты жоқ,
Ат алуға хақы жоқ,
Еш іске жоқ икемі,
Болмаған соң түк ебі.
Санда – бар,
Жоқ – сапада,
Жалқаулығын атама…
Ат қойғыш жер-су –
Жалпыға
Өкпелі ол қазақ халқына:
«Тілі жетпей қалғандай
Неге бір ат таба алмай?.»
«Қазақ тілі – ең бай тіл»
Дейтіндері жөн қай бұл?!»

«Саусақтың ең байғұсы
Менмін»,– дейді,
Айтысы…

ШЫНАШАҚ
Ал мынауың – шынашақ,
Керек адам санасақ.
Құйттай болып тұрғасын,
Көреміз де тұлғасын,
Шынашаққа теңейміз.
Көңілге алар демейміз.
Өзінің бар айыбы –
Жаралған кем қалыбы…

Саусақ осы қортиған,
Соңында қап,
Қор туған…

ЖҰДЫРЫҚ
Бас бармақ пен сұқ саусақ
Қолданысқа ең жарамды,
Біріктіріп ұқсатсақ,
Талай іске жарайды.

Инеге жіп сабақтап,
Бұрар есік кілтін де,
Кітап бетін парақтап,
Сауар малдың сүтін де…

Бұл екеуі тұрақты
Саусақтар ғой «жырынды»:
Бұрайтындар құлақты,
Сүртетіндер мұрынды.

Аты жоқ саусақ,
Ортан қол
Жұмысы аз істейтін.
Шынашағың –
Ол да сол,
Жан тынышын іздейтін.
Бес саусағың бірақ та
Ұйымдаспай жұмылып,
Жете алмас көп мұратқа,
Болмаса егер жұдырық.

Белсенбесе бесеуі,
Көрсетпесе күштілік,
Жібергені есені,
Жағдайлары мүштиіп.

Амандаса алмайды,
Арқадан да қақпайды,
Алақанын жаймайды,
Бата сұрап жатпайды…
Бес саусағың – тірегің,
Ұстар қалам,
Балтаңды.
Тізгін қақ,
Қар күрегін,
Жүн түт те,
Ес арқанды…

Аты жоқ саусақ,
Ортан қол,
Шынашағың және де
Көмектеспей қолма-қол,
Бітірмейсің дәнеме…

Бесеулері – жұдырық,
Болса ғана сес мұның.
Бермейсің сен түк ырық,
Басына алмас ешкімің…

Ескен ЕЛУБАЕВ

(«Балдырған» журналы, №10. 2015 жыл)

 

0 комментария

Оставить комментарий:

Танымал

  • 18.11.2018, 10:25

    БӨЛЕГЕН АТА

    – Жол қысқарсын, әңгіме айтшы, – деді жолдасым. – Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба? – дедім. – Көргеніңді айт, – деді. Сонсоң аз ойланып отырдым да өз басымнан кешкен мына бір оқиғаны әңгімелеп бердім.

    • 0
    • 18
    • 0
  • 18.11.2018, 10:28

    ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ - ӘМІР ТЕМІР

    Үй іші. Отағасы домбыраға қосылып «Майдақоңырды» айтып отырады: Жігіттің падишасы – Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір. Кешегі бес болыстың сиязында Шырқаған Ақан сері Майдақоңыр…

    • 0
    • 18
    • 0
Все популярные